ТЖ

Өрт сөндірушілер жаттығуы

 

101 нөміріне өрт шықты деген суық хабар М.Жұмабаев 109 мекенжайынан түсті. 7 қабатты нысанда түрлі жеке меншік кеңселер орналасқан. Қоңырау шалынғаннан соң араға 5 минут салып, оқиға орнына өрт сақшылары жетті.

Арнайы жабдықталған тілсіз жау күрескерлері дереу ғимараттың құрылыс жобасымен танысып, ішке ағылды. Барлығы төтенше жағдайды ауыздықтауға 12 бірлік техника мен жеке құрамның 80 жауынгері жұмылдырылды. Жоспарға сәйкес өрттің шығу ошағы 4-ші қабат. Ондағы 44 шаршы метрді алатын кеңселердің бірі отқа оранған. Лапылдаған қызыл жалынның қалың түтіні жоғарғы қабаттардағылардың шығу жолын кесіп тастаған. Бұл тұтқыннан құтылып үлгермеген 2 адам арнайы 30 метрлік саты арқылы, енді біреуі құтқару жібімен түсірілді. Төменгі қабатта түтінге тұншыққаны батутқа секіріп, әйтеуір жер басты. Жалпы ғимараттан 150 адам қауіпсіз аумаққа шығарылды. Жапа шеккендеріне медициналық жәрдем көрсетілді. Өстіп тілсіз жау жарты сағаттың ішінде ауыздықталды.

Бұл ғимарат бекерден таңдалмаған. Соңғы 5 жылдың ішінде нысан 2 рет өртке ораныпты. Тілсіз жау алдымен 1-ші, кейін 5-ші қабатта үстемдік құрыпты. Абырой болғанда, адам шығыны мен жапа шеккендер жоқ.

 

Жеңіс Ермұқанов