Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлердің жаңа бизнес-жобалары қолдау тапты

 

“Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” бұл – “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасының бірінші бағыты. Осының шеңберінде өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері теріскей кәсіпкерлерінің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін субсидиялау мәселелерін қарастырды. Қарауға ұсынылған жобалар саны 12.

Айыртау ауданындағы “Баянтай астық қабылдау қосыны” серіктестігі биыл жаңа элеватордың құрылысын қолға алған. Ол келер жылғы орақ науқаны басталғанға дейін іске қосылмақ. Жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна. Бүгінде құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалыпты.

Жобаның жалпы құны 375 миллион теңге. 75 миллионын шаруашылық өз қалтасынан шығарса, қалғанын “Халық Банкі” қаржыландырыпты. Несие 13,5 пайыздық үстемеақымен үш жылға берілген. Өтінішпен таныс болған үйлестіру кеңесінің мүшелері оны бір ауыздан мақұлдап, жобаны субсидиялауға 46 миллион 800 жүз мың теңге бөлуге келісім берді.

Жамбыл ауданындағы “Агротехника -2003” серіктестігі болса халыққа жүк тасымалдау қызметін көрсетумен айналысады. Өз кәсібін одан әрі дамыту тұрғысында оларда биыл “Халық Банкінен” 85 миллион 200 мың теңге несие алыпты. Үш жылға шақталған қаржының жылдық үстемеақысы 13,3 пайыз.

 

Олег Григорьев, “Агротехника -2003” ЖШС басшысы, Жамбыл ауданы:

-Қазіргі күні тіркемесі бар 10 КАМАЗ автокөлігін сатып алдық. Соның арқасында жаңа жұмыс орнын ашуға да мүмкіндік туды. Қазіргі күні көліктерді қоятын гараж, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған шеберхананы да іске қостық.

 

Жиын барысында кәсіпкердің несиені субсидиялауға 15 миллион теңге сұраған өтініші қанағаттандырылды. Ендігі жерде ол банкке жылдық үстеме ақыны тек 7 пайызбен қайтармақ.

Үйлестіру кеңесінің бұл жолғы отырысында жалпы сомасы 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын бас-аяғы 12 өтінім қаралған болатын. Олардың әрқайсысы жеке-жеке талданып, барлығы да қанағаттандырылды.

Самат Есмағи