Құқық қорғау органдары

Жеке сот орындаушыларының жұмысы қорытындыланды

 

Жеке сот орындаушылар институты осыдан 70 жыл бұрын Франция мен Нидерландыда пайда болған. ҚР  Парламенті жеке сот орындаушылар институты туралы арнайы заң жобасын 2010 жылы қабылдады. Енді олар да мемлекеттік сот орындаушылармен иық тірестіріп, облыс тұрғындарының қарыздарын қайтаруға септесуде. Мәселен, мемлекет қарамағындағы 1 сот орындаушы 2 айдың көлемінде 700 құжатты қарап, борышкерден қарызды өндіріп алу қажет.

 

Ғафұр Нұрпейісов, СҚО жеке сот орындаушылары өңірлік алқасының төрағасы:

-ҚР Әділет министрлігінде 400 жеке сот орындаушының ісі бекітілді. Бүгінде 303-і Қазақстан бойынша жұмысын бастап кетті. Біздің облыста жеке сот орындаушыларына 14 лицензия берілген. Оның 7-і заң жүзінде бекітілді, бірақ істі әзірге 4-уі ғана дөңгелетіп отыр.

 

Облыстық жеке сот орындаушыларының көмегіне алашағы бар кез-келген адам жүгіне алады. Егер тұрғындардың алимент, жалақы, банктегі несиеге қатысты жұмыстары облыстық сот актілерін орындау бойынша департаментінде біраз уақыт жатып қалса, онда олар өз ісін кез-келген уақытта жеке сот орындаушылардың қолына табыстай алады.

 

Ғафұр Нұрпейісов, СҚО жеке сот орындаушылары өңірлік алқасының төрағасы:

-2012 жылдың қаңтарынан облыстық сот актілерін орындау бойынша департаментінен 1800 құжат келіп түсті. Борышкерлерден өндірілетін қарыздың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды. Оның 130 млн. теңгесін өндіріп алдық. Яғни 158 құжат жабылды. Биыл біз мемлекеттік сот орындаушылардан 2053 құжат қабылдап, 9 айда 1500-ін орындадық. 1 млрд теңге көлеміндегі берешек өндірілді.

 

Жеке сот орындаушылары әр борышкерден өндіріп алған қаржының 10 пайызын өз еңбегі үшін алуға құқығы бар екен.

 

Берік Қасен