Балалар

“Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ” ақпараттық науқаны

 

Бүгінде өңірімізде 146 мыңнан артық кәмелет жасына жетпеген жасөспірім тіркелген. Оның 2 мыңға жуығы ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Балалар азаматтық қоғамның ең қорғалмаған санатына жатады. Кішкентай отандастарымыз қашан да аға буынның ерекше күтіміне мұқтаж. Сондықтан жыл сайын елімізде “Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ” атты ақпараттық науқан ұйымдастырылады.

 

Тотыкамал Күлжанова, СҚО балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы:

– Мақсат – жеткіншектердің өздеріне тікелей қатысты құқықтық сауаттылығын ашу. Біздің басым бағыттарымыздың бірі – балаларға қатысты қатыгездіктің алдын алу. Осы тұрғыда жасөспірімдердің тәрбиесіне араласатын барлық мекемелермен етене жұмыс жасаймыз.

 

Жыл басынан балалар құқығын елемеген 3 мыңға тарта адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Оның 345-сі кішкентайының тәрбиесіне немқұрайлық танытқан ата-ана. Десе де, кәмелетке жетпегенге күш көрсетіп, ұрып-соғу фактілері мүлдем тіркелмеген.

 

Динара Мұқжанова, СҚО ІІД ювеналдық полиция бөлімінің басшысы:

– 2013 жылдың 10 айында 372 тұрмысы төмен отбасын тіркеуге алдық. Ол жанұяларда 425 бала тәрбиеленуде. Жалпы тізімде әл-ауқаты нашар 772 отбасы бар. Түнгі уақытта ересектерсіз көше кезген 1696 жасөспірім ұсталды.

 

Облыста балиғат жасына жетпегендерге алкогольдік ішімдік сатудың 100-ден артық фактісі тіркелген. Бесіктен белі шықпаған 39 жасөспірімді маскүнемдікке салған келеңсіз жайттар да орын алыпты. Өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден алшақ ұстаудың қамында өңірде мыңнан артық үйірме жұмыс істейді. Бүгінде кәмелетке толмағандардың 45 пайызы шығармашылық дарынын шыңдау үшін қосымша білім алады.

 

Жеңіс Ермұқанов