Құқық қорғау органдары

Баласына алимент төлеуден қашып жүргендерді іздеу жөніндегі рейд

 

Сот орындаушылары Жұмысшы кентіндегі Панфилов, 264 мекен жайындағы борышкермен кездесе алмады – әдеттегідей, баспана иесі үйінде болмай шықты. Жұмыссыз жүрген қала тұрғынының алимент бойынша берешегі 400 мың теңгеге жеткен. Алайда, Владислав Варлаковтың тұрақты табысы болмаса да, ол ай сайын заңға сәйкес 4665 теңге алимент төлеп тұруы қажет.

Ал мынау Евгений есімді борышкердің ата-анасының үйі. Ол 2012 жылдан бері сот орындаушыларының тізімінде жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Сондықтан, 7 жастағы қызымен араласпақ түгілі, заң бойынша белгіленген алиментін де төлемек емес. Әкесінің қызына берешегі 205 мың теңгеге жеткен. Евгенийдің анасы оның үнемі көлігімен әлек болып жүретінін айтып ақталуда. Тіпті әке-шешесіне қарауға уақыты жетпейтін көрінеді.

 

Борышкердің анасы:

-Ұлым Женя 2010 жылы көлік апатына ұшыраған болатын. Жолаушы тасып, ақша табатын баламды жүргізу куәлігінен айырып, 2 жылқыны соғып кеткені үшін үлкен мөлшерде айыппұл салды. Содан құтылғаннан кейін ол жеке кәсіпкерге қызметке орналасты. Немереме алиментін төлеймін деп уәде берген.

 

Ұлының бұл қылығы анасының жанына батады әрине.

Сот орындаушылары алимент төлемеген азаматтарды газет беттерінде жариялап, қолдан келген әрекетті жасағанымен, жағдай өзгерер емес. Мәселен, Вячеслав Сидоренконың қарызы 3 млн. теңгеге жеткен. Борышкер алимент төлеуден жалтарып жүргендердің көшін бастап тұр.

 

Елена Скакунова,СҚО сот актілерін орындау бойынша департаментінің баспасөз хатшысы:

-Қазіргі таңда 700 борышкердің қарызы өндіріліп алынды. Барлығы жыл басынан өндіріске 6 мыңнан аса құжат алынған болатын. Үнемі қарызгерлердің қарсылығына тап боламыз. Алимент төлемеу үшін тұрғылықты мекен-жайларын ауыстырады, не шетел асып кетуге дейін бар.

 

Заң бойынша жұмысы бар алимент төлеуші 1 балаға айлық жалақысының 4/1 яғни, 25 %-н, 2 балаға –  30 пайызын, ал, 3 баладан көп болса, айлығының жартысын төлеуге міндеттелген.

 

Берік Қасен