ТКШ

Ауыл халқын таза ауыз сумен қамту

 

 

Ауылдағы ағайынды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін елімізде «Ақ бұлақ» бағдарламасы қолға алынған болатын. Аталған тың бастаманың арқасында 2020 жылға дейін елді мекендердің 80 пайызы тіршілік көзімен қамтылмақ. Бағдарламаның түпкі мақсаты – таза ауыз суды тұрғындардың үйлеріне дейін жеткізу. Бұл бағытта біздің өңірде де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2011 жылдан өңірімізде 549 шақырым су құбыры тартылды. Биылғы жұмыстарға 5 млрд 200 млн теңге қарастырылыпты. Осы күні 2011 жылы басталған Булаев топтық су құбырларын жаңасына ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар мұндай жөндеу жұмыстары Соколов топтық су құбырларында да жүргізілуде.

Негізінде облыста 4 топтық су құбыры бар. Олар өңірдегі 11 және Қостанай облысының екі ауданын тіршілік көзімен қамтамасыз етеді. Су құбырларының жалпы ұзындығы 2710 км-ді құрайды. 60-70 жылдары тартылған желілердің әбден тозығы жеткен. «Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында 2020 жылға дейін аталған топтық су құбырларын жаңасына алмастыру жоспарланған.

Бұл жұмыстар аяқталған соң келесі жылы халықты тіршілік көзімен сапалы қамту үшін өңірде су тазартатын құрылғылар жаңасына алмастырылмақ.

 

Бану Ахметова