Құқық қорғау органдары

Жасөспірімдер полицейлер назарында

 

 

«Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» акциясы қарашаның 12 – 17 күндері өткен болатын. Осы аралықта ювеналдық полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарды еңбекке тарту фактісі бойынша заңбұзушылықты анықтамаған. Бұған қоса тәртіп сақшылары түнгі рейд шараларын жүргізген. Нәтижесінде ата-ана қарауынсыз жүрген 50 жасөспірім ұсталды. Мәселен, 16 жасар бойжеткен түн ортасында құрбыларымен көше кезіп жүрген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ащы судан ұрттап алған қыздардың үйлеріне қайту ойларында болмаған.

Осылайша, бір түндік рейд барысында полицейлер 4 жеткіншекті ұстаған. Тәртіп бұзушылар үйлеріне қайтарылып, аталған факті негізінде ата-аналарының үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.

 

Александр Рязанцев, Петропавл қ. ІІБ ювеналдық полицияның аға инспекторы:

-Осындай алдын алу жұмыстарының арқасында жасөспірімдердың арасындағы қылмыстар айтарлықтай азайды. Мәселен, өткен жылы кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен 150 қылмыс тіркелсе, биыл ол көрсеткіш екі есе төмендеген.

 

Осы сынды жедел алдын алу шаралары қарашаның 19- 22 аралығында барлық ел көлемінде өткізіледі. Рейд «Түнгі қаладағы балалар» акциясы аясында ұйымдастырылмақ.

 

Нұрбек Нәбиев