Қоғам

Университет пен кәсіпкер арасындағы жер дауы

 

Алыс туыстан жақын көрші артық дейді атамыз қазақ. Десе де мына көршілердің бір-біріне жақындығы әсте байқалмайды. Жасыл қоршаудың ар жағы Галина Смурыгинаның иелігінде. Бірнеше жылдан бері кәсіпкер аталған жер учаскесі үшін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ соттасып келеді. Өйткені нақ сол әсем қоршау оның жерінде орналасқан екен. Қазіргі таңда жеке кәсіпкердің екі шағымы да соттың қолдауына ие болды. Оның бірін оқу ордасы 2011 жылы орындау қажет болған. Алайда қоршау сол күйінде тұр.

 

Римма Әбділманова, сот орындаушысы:

– Ендігі жерде ЖОО орны сот талаптарын орындамаса, онда олар әрбір өтіп кеткен күн үшін айыппұл төлейтін болады. Оның мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішті құрамақ.

 

Түйінді мәселенің басы ертеректе басталған. Бұл жерде 18-ші ғасырдың тарихи сәулет өнерінің ескерткіші  «Көпес Светлинскийдің үйі» болған. 2007 жылы нысан оқу ордасына беріліпті. Ал қазір М.Қозыбаевтың мұражайы орналасқан жерде бұрын қоғамдық қор жұмыс істеген. Нақ солар университетке тиелісі мына жер телімін жекеменшік қолға өткізіп жіберген. Қазір мұнда білім ошағының мұражайы орын тепкен. Ал ғимарат қалпына келтірілгенше ол адам көргісіз күйде болыпты. Бүгіндері кешеннің аумағын да азаматша Смурыгина тартып алмақшы.

 

Ағыбай Күшімбаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Өзімізге тиесілі аумақтың қашан және қалай жекеменшік қолға өтіп кеткені белгісіз. Бұл жерді жалға алған қоғамдық қор оны Смурыгинаға өткізіп жіберген. Ол бұл жерде денсаулық орталығын салуы қажет болған. Алайда бір істің атқарылғаны көрінбейді. Бұл оқу ордасының аумағы, студенттік қалашық. Біз енді шешімді кассациялық тәртіпте қарастырмақпыз.

 

Егер сот шешімі өзгертілмесе, мұражай мен студенттерге арналған интернет дәмхана жылусыз қалмақ. Кіре беріс жолдар да кәсіпкерге тиесілі болғандықтан ЖОО-ның ғимараттарына жету қиынға соғады.

 

Мағжан Ахмадина