Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметте жер және су салаларының мәселелері талқыланды

 

Еліміздегі жер қорының 90 млн. гектары ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылады екен. Бұл мүмкіндік барынша жүзеге аспай келетін көрінеді. Оған ел көлемінде жүріп жатқан жер түгендеу жұмыстарының бүгінгі қорытындысы дәлел. Былтыр мен биыл өңдеуге жарарлық далалы жазық аумақтардың 3/2 тексеріліпті. Нәтижесінде 3 млн. Га артығы еш мақсатқа пайдаланбағандығы анықталды. Бұған жол берген 7 мыңға тарта шаруашылыққа хаттама толтырылыпты. Ескерту алғандарының тең жартысы игілігіндегі жерді айналымға қосқан. Құлақ аспаған 1092 ауыл еңбеккерінің қарамағындағы телім мемлекет меншігіне қайтарылған. Тиісінше қолданылмаған жерді пайдаға жаратуды ойластыру үшін үкімет шаруаға 1 жыл уақыт береді екен. Отырыста ауыл еңбеккерлерінің бірыңғай жер салығын 5 есеге ұлғайту ұсынысы жасалды. Жергілікті мәслихаттардың қарауымен жүктемені 10 есе ұлғайту мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұл тек жеке меншігін тиімсіз пайдаланатын қожалықтарға қатысты. Осылайша қаржылық жауапкершілікті арттырып, белсенділігі төмен агроқұрылымдарды сабасына түсіру көзделіп отыр. Жеке тұрғын үй құрылысына беріліп жатқан жерлерден де олқылықтар шығып жатыр. Бұл да өңірлік даму министрінің баяндамасында көрініс тапты. Баспана тұрғызуға үлестірілген 400 мыңға жуық жер телімінің 44 мыңында заң бұзушылықтар анықталыпты. Жоспарға сәйкес келмеген 17 мың аумақ үкімет иелігіне қайта аударылды. Бүгінде иесіз бос жатқан жерлер баршылық. Алайда 1 млн адамның өтініші әлі қанағаттандырылмаған. Кезектің жылжымауы инфрақұрылымның тартылмауы себепкер екен. 2007 жылдан тек инженерлік желісі бар жер телімдерінде ғана құрылысқа рұқсат берілді. Сондай-ақ отырыста “Ақ бұлақ” бағдарламасының жүзеге асырылуына ден қойылды. Ұлттық жоба аясында қалаларды – 100,  елді мекендердің 80 пайызын таза ауыз сумен қамту көзделген. Өңірлік даму министрінің айтуынша қарқын қосылмаса, межеге үлгермеуіміз мүмкін. Су тораптарының құрылысы баяу жүргізілуде. Бүгінде ауылдардың тек жартысының ғана орталықтандырылған тіршілік көзіне қолы жетіпті. Биыл 168 нысанды жаңғыртуға 4,3 млрд теңге құйылса, 1,6 млрды әлі игерілмеген. 279 мың тұрғыны бар 156 елді мекенге үлестіргіш құбыр төселіпті. 480 селода жер асты сулары тауып, зерттеуге 4,6 млрд теңге қарастырылды. Келер жылы бұл мақсатқа жұмсалатын қаржыны 3 есеге ұлғайту көзделген. Премьер-Министр жұмысты аса маңызды әлеуметтік жобаның жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Селекторлық байланыс үзілген соң көтерілген мәселелер жергілікті деңгейде талқыланды. Өңірді таза ауыз сумен қамтудағы жұмыстар жөнінен құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ратмир Усманов құлағдар етті.

 

Ратмир Усманов, СҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Елді мекендерге таза ауыз су тартуға ел қазынасынан 2,4 млрд теңге бөлінді. Осының арқасында 162 шақырым үлестіргіш құбыр төселеді. Жыл соңына дейін 4,2 мың тұрғыны бар 6 ауылдың сумен жабдықтау жүйесі жаңартылады. Сондай-ақ 20 мыңға тарта тұрғыны бар тағы 7 ауылдың тіршілік көзін тарату жүйесі жөнделеді.

 

21 ауыл суды тасып ішуге мәжбүр. Оның ішінде әлеуеті төмен 14 елді мекенде түрғындар саны 100-ге жетпейді екен. Сондай-ақ өңір жетекшісін былтырдан қалған жобалардың жағдайы қызықтырды. Самат Ескендіров жоспардан кенже қалған құрылыс нысандарындағы жұмысты биыл аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі пайдаланылмай жатқан жерді түгендеу жұмыстарына екпін беруді талап етті.

 

Жеңіс Ермұқанов