Спорт

Солтүстікқазақстандық жігіттер жұдырықтасудан ешкімге дес бермеді

 

Бақытжан Бақрамбектің жұдырықтасумен айналысып жүргеніне көп болмаған. Десе де екі жылдың ішінде бозбала бірталай биіктерді бағындырған. Қарашаның 13-і мен 17-сі аралығында Астана қаласында осы спорт түрінен өткен ел чемпионатында ол алтыннан алқа тағынды. Ақтөбелік және семейлік қарсыластарымен  кездесу өткізген жерлесіміз екеуін де аяғына жеткізбей аяқтаған.

 

Бақытжан Бақрамбек, муай тайдан спорт шеберіне үміткер:

-Мен кикбоксингтен ҚР чемпионымын. Алдағы уақытта осы жұдырықтасудан ел командасы сапында өнер көрсеткім келеді.

 

Аталмыш чемпионат елімізде алғаш рет өткізіліпті. 100-ге тарта спортшының басын қосқан додаға Қазақстанның барлық облыстарынан келген сайыскерлер қатысқан. Өңір намысын қорғаған 8 жерлесіміздің барлығы жүлдемен оралды. Қанжығамызда 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль бар. Жалпы есепте де Қостанай, Ақтөбе, Астана қалаларының спортшыларын артқа тастап, алғашқы орыннан көрінді.

 

Руслан Молдыбаев, облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы:

– Мұндай жұдырықтасудан өзге де ұлттық спорт түрлерінің жарысы өтті. Сондықтан бұл доданы қазақ спорт түрлерінің фестивалі деп айтуға болады. Біздің спортшыларымыз жақсы дайындалып, өзге аймақтарға қарағанда сәтті өнер көрсетті.

 

Қазіргі таңда спортшылар қарашаның аяғында «Жекпе- жектен» өтетін облыстық жарыстарға дайындықтарын пысықтауда.

 

Мағжан Ахмадина