Білім

Қай мамандық сұранысқа ие

 

 

Статистикалық зерттеулерге қарағанда, әлемде 40 мыңға жуық мамандық тіркелген. Әрине, мұндай көлемдегі кәсіптің ішінен өзіңе лайық біреуін таңдау оңай емес. Десе де жүрегің қалаған, қоғамда сұранысқа ие мамандық иесі болуға мүмкіндік мол. Бәсекеге қабілетті мамандар мәселесін Елбасы да Үкіметтің кеңейтілген отырысында қадап айтқан болатын. Жыл сайын мемлекет тарапынан тегін білім алуға бөлінетін гранттар саны артып келеді. 2013 жылы 35 мың 53 тегін оқу жолдамасы бөлініпті. Ол өткен жылғымен салыстырғанда 738 грантқа көп.

 

Әсемгүл Есқожа, «Ардис» азаматтық бастамаларды дамыту институты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Бұл ең алдымен Елбасы жариялаған мемлекеттің үдемелі-индустриялық бағдарламасына бағытталған. 10 жыл бұрын республикада әдістеме құрылды.Оған сай барлық әкімдіктер, министрліктерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тізім жасалады. Солай мемлекеттік білім беру тапсырысы беріледі.

 

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы бұл әдістемелік механизм өз пәрменділігін жоғалтқан. Өйткені онда негізінен сапаға емес, санға көп көңіл бөлінеді. Сондықтан мамандарды даярлау үшін ең алдымен болашаққа көз жүгіртіп, 4-5 жылдан кейін ол кәсіптер сұранысқа ие бола ма, соны зерттеп алу қажет.

 

Әсемгүл Есқожа, «Ардис» азаматтық бастамаларды дамыту институты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Жай ғана ақпаратты жинау емес, оны талдау керек. Сондықтан сапалы оқыту мәселесі назарда ұсталуы керек.

 

Мамандыққа деген сұраныс қоғамдағы өзгерістерге қарай әр алуан болады. Айталық, өткен он жылдықта заңгерлер, қаржыгерлер тым көбейіп кетсе, соңғы жылдары информатика, ақпараттық технология саласының мамандары, нанотехнологтар, биотехнология саласын меңгергендерге сұраныс артты.

 

Мағжан Ахмадина