Бизнес және экономика

Өңірде туризмді дамытудың болашағы

 

 

Туризм саласының болашақ мамандары еліміздегі ішкі туризмді дамыту бағытында өз жобаларын дайындаған. Аталған мамандықты 2-ші жыл қатарынан меңгеріп жүрген Нұрдәулет Тұрсынхан “Ұлы Жібек Жолы” туристік бағытын таңдаған. Демалысты тиімді ұйымдастыру жолдарын студент слайд арқылы таныстырып өтті. Нұрдәулет осы бағыт арқылы еліміздің көне қалаларына, ескерткіштеріне туристердің назарын аударуға мүмкіндік бар дейді.

 

Нұрдәулет Тұрсынхан,М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы жас мемлекет болғандықтан туризм қатты дамымаған және даму үстінде. Болашақта туризм саласына қарқынды үлес қосқым келеді.

 

Солтүстік Қазақстан өңірі де демалыс орындарынан кенде емес. Әсіресе Шалқар, Имантау көлдерінің маңы табиғатының әсемдігімен туристерді таң қалдыруда. Тек табысты іске тежеу болатыны – саяхатшылардың қысы-жазы келіп демалуына қажет қонақ үйлердің аздығы мен тас жолдың болмауы. Туристерге тиісті деңгейде қызмет көрсету жайы ақсап тұр. Отандық демалыс орындарын жарнамалау мәселесі де өзекті. Дөңгелек үстелге қатысушылар жергілікті туристердің еліміздің курорттық орындарына бармай, шетел асып жататыны содан дейді.

 

Құралай Жарова, СҚО кәсіпкерлік және туризмді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл іс-шаралар республикадағы туризмді дамыту бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Біздің солтүстік өңірде туристік сала тиісті деңгейде дамымаған. Жиында ішкі туризмге жан бітіруге қатысты ойларымызбен бөлісеміз.

 

Еліміз әлем бойынша туристер үшін қызығушылық танытқан мемлекеттер тізімінде 88-ші орында тұр. Сондықтан жиынға қатысушылар Қазақстанның әр аймағында туристердің келуіне жағдай жасау керектігін айтып, бұл бағытта “2020 жылға дейінгі Қазақстандағы туризмді дамыту концепциясы” жобасы аясындағы жұмыстарға екпін беру керек деген оймен тарқасты.

 

Бақыт Сәдуақасов