Мына шеберханада орта кәсіптік білім мекемесінің үздік қырнаушысы анықталып жатыр. Сайыскерлерге көлік нысанының бұрандалы бітігін жасау талабы қойылды. Темір тұлпар жабдығын кескіш станогының көмегімен жонып, бұрандасын келтіру керек. Олжас Иманбеков машина жасау технологиясы мамандығына үйренуде, болашақ кәсібінің қыр сырын жетік меңгеру үшін тәжірибелік байқауға қатысуға бел буыпты.
Олжас Иманбеков, Петропавл қалалық гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Бүгінде әр жанұяда машина бар. Жүру бір де, оны жөндей білу керек. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Байқау тәжірибемді шыңдауға көмектеседі. Қазір болт жасап шығарамын.
Болашақ автомеханиктердің енді бір тобы көліктің оталдыру тетігінен бастап қозғалтқышының ақауын анықтауға тырысты. Кейін сайыскерлер жол ережелері бойынша сынақ тапсырды. Компьютер жадына енгізілген бағдарлама бойынша машинаның қозғалысы виртуалды жаттықтыру құралы арқылы экранға шығарылады. Десе де бұл жаңашыл жүйенің шынайы көлік жүргізуден айырмашылығы жоқ. Бар үрдіс мына кәдімгі «Жигули» ішінен басқарылады. Ал мына жерде заманауи құрылысшылар шеберліктерін іс жүзінде сынауда. 2-ші курс студенттері нысанның қаңқасын аса дәлдікпен құрып, қабырғаларын бітеудің соны үлгілерін паш етуде.
Әділбек Нәлібаев, Петропавл қалалық гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Бүгінде Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Аса маңызды мамандық. Оқуымды бітіргесін өмірде жоғалмаймын деп ойлаймын. Тәжірибелік байқаулардың көп болғаны жақсы.
Оқытушылар ұжымы шәкірттерін кәсіби білімнен сусындатумен қатар тәрбиеге зор көңіл бөледі. Әсіресе оқу кешенінің қабырғасынан елжанды ұрпақ түлетуде көптеген шаралар қолға алынып келеді. Мәселен бүгінгі кеш ауған соғысында құрбан болған жерлес жауынгерлердің құрметіне арналған. Ерліктерін үлгі тұтып, рухына тағзым ету үшін студенттер мен оқу орнының бұрынғы түлектері бас қосты.
Вячеслав Демьяненко, СҚО әкімінің мүгедектер жөніндегі кеңесшісі:
-Мен осы колледждің түлегімін. Мұнда о кезден сапалы білім мен адами қасиеттерді қалыптастыру жағы бірдей жүреді. Техникалық мамандықтарды негізінен ұл балалар меңгереді. Сондықтан отансүйгіштікке тәрбиелеу керек. Елжанды ұрпақ отанының гүлденуіне еңбек етеді. Мемлекеттің дамуы әр отбасына ырыс әкеліп, әлеуметтік жағдайын жақсартады.
Бір күнге топтастырылған бұл шаралардың барлығы 83 жылдық тарихы бар колледждің туған күніне бағытталған. Оқу кешені сұрапыл соғыс жылдары Ресейден Қазақстанға көшті. Сол уақыттан бері 50 мыңнан артық маман түлеткен.
Александр Мерк, Петропавл қалалық гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:
– Қазақ жерінде оқу мекемесі түрленіп жетілдірілді. Соңғы 10 жылмен салыстырғанның өзінде екі есе ұлғайды. 4 мамандықты бүгін 16-ға жеткіздік. 600 оқытушы қазір мыңның үстіне шықты. 70 пайызы жоғары санатты. Заманнан қалыспаймыз. Мүмкіндігімізше тың технологияларды ендіруге тырысамыз.
Қазір оқу кешенінде күндізгімен сырттай бөлімді қоса алғанда 1635 студент білгеніне білім қосуда. Оның 3/2-сі мемлекет есебінен тегін оқып жатыр. Әрбіріне шәкіртақы тағайындалған.
Жеңіс Ермұқанов