Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігін дамыту

 

Осы жылы елімізде мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігін дамыту туралы бағдарлама бекітілді. Ондағы көзделген мақсат мемлекет пен жеке меншік қаржысын біріктіріп инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. Одан екі жаққа да пайда бар дейді шаруасын дөңгелеткен айыртаулық жеке кәсіпкер Алексей Машкин. Ол өз ісін 2005 жылы ашыпты. Бүгінде тұрмыстық жихаз шығарумен айналысып келеді. Өндіріске қажетті материалдарды Ресей мен Украинадан сатып алады екен. Алайда одан түсер пайда шамалы. Сондықтан иесіз қалған мына нысанды сатып алып, таяуда өзінің ағаш өңдеу цехын ашқан. Қазір күні онда тақтай тілу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Алексей Машкин, жеке кәсіпкер, Айыртау ауданы:

-Цехты ашу үшін қаржылай қолдау қорынан төмен пайызбен 3 миллион теңге несие алдым. Жергілікті әкімдіктен көрсетілген қолдау аз емес. Олар маған ғимараттың құжаттарын рәсімдеу мен үкіметтен қаржы алуымда көп көмек көрсетті.

 

Жеке кәсіпкер бүгінгі күні 10 адамды тұрақты еңбекпен қамтып отыр. Алда олардың санын тағы арттырмақ. Себебі тақтай кептіру орны мен еуро отын шығаратын тағы бір цехты іске қосу жоспарланған. Аудан орталығындағы екі қабатты мына ғимараттың өткен жылы тек қалқайған қабырғалары ғана тұрған. Бүгінде жекеменшіктің қолына өтіп, тамырына қайта қан жүгірді. Жалпы аумағы 2050 шаршы метрді құрайтын нысанның жөндеу жұмыстарына кәсіпкер өз қаржысын салған. Ол тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа берілмек.

 

Алексей Гладкий, жеке кәсіпкер, Айыртау ауданы:

-Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау бар. Осыны тиімді пайдалану тұрғысында биыл мына ғимаратты сатып алдық. Жөндеу жұмыстарына 60-қа тарта адам жұмылдырылуда. Нысанды жалға беруді жоспарлап отырмыз.

 

Жыл басынан Айыртау ауданы бойынша 20-дан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары ашылып, онда 30 жаңа жұмыс орындары пайда болған. Жыл соңына дейін тағы 15  бизнес субектісі қолданысқа енгізілмек.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту біріншіден жұмыссыздар санын қысқартуға мүмкіндік берсе, екіншіден салық та көбейеді. Одан мемлекетке де қарапайым халыққа да пайда бар.

 

Самат Есмағи