Құқық қорғау органдары

«Есіңде сақта, ойлан» акциясы

 

 

«Есіңде сақта, ойлан. Сізді үйде туғандарыңыз бен жақындарыңыз күтеді» акциясы дәстүрлі түрде қарашаның 3-ші жексенбісінде өтіп тұрады.

Жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу шарасына орай шеруге ауыр апатқа түскен көліктерді артқан эвакуатор, қара, ақ түсті қайғылы лента тағылған көліктер мен патрульдік машиналар шықты. Дауыс зорайтқыш арқылы полиция қызметкерлері облыс пен қала аумағында, тіпті әлем елдерінде орын алған жол-көлік оқиғалары туралы статистикалық мәліметтерді хабарлады.

Колонна жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын орталық көшелермен жүріп өтті. Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге халықаралық жол апаты құрбандарын еске алу күніне орай ереже парақшалары таратылды. Әкімшілік полиция қызметкерлері осылайша жол қозғалысы қауіпсіздігі проблемасы мен жол апатының ауыр салдарларына қала тұрғындарының назарын аудартпақ болған.

 

Сайлаубек Мусин,СҚО ІІД ӘПБ бастығының орынбасары:

-Жолдағы травматизм – бүкіл әлемде ушығып тұрған мәселе. Салдарынан бүлдіршіндер мен 30-ға дейінгі жастардың өмірі қыршынынан қиылған. Талай еңбекке қабілетті азаматтар мүгедек болып қалды.

 

Жол-көлік оқиғалары көбінесе жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бетке шығып кету, жолды белгіленбеген жерден қию, жол қозғалысы ережесін сақтамаудан орын алады.

 

Сайлаубек Мусин, СҚО ІІД ӘПБ бастығының орынбасары:

-Соңғы 10 айда СҚО-ның аумағында 304 жол-көлік апаты тіркелді. Салдарынан 42 адам қаза тауып, 308-і түрлі дене жарақатын алды. Осыдан тұрғындарға айтарым – жолда бір-біріңе сыйластықпен қарап, әрдайым туыстарыңыз үйде күтіп отырғандарын қаперіңізде ұстаңыз.

 

Бір қуантарлығы балалардың қатысуымен орын алатын апаттардың саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 пайызға азайып отыр.

 

-Біз де жол-көлік қозғалысына қатысатындықтан, автокөлік иелері велосипедшілерге құрметпен қарау керек. Бірде жаттығуға бара жатқанымда, мені бір көлік иесі қағып кетіп, ізін суытты, ал мен ауруханаға түсіп қалдым. Бірақ өзіміз де темір тұлпарларға жол беріп, жолда қақтығысып қалмау үшін абайлап жүруіміз керек.

-Мен де жаттығуға бара жатқанымда, артымнан бір көлік шыға келді. Қарасам ол жол ережесін сақтамай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіпті. Мен жолдың сол жағына ығысып едім, дегенмен ол қасақана мені машинаның бүйірімен жанап өтті.

 

Сағат тура он екіде тәртіп сақшылары жол апатында қаза болғандарды еске алу үшін барлық жүргізушілерден бір мезетте дыбыс сигналдарын қосуды сұрап, аспанға қара түсті шарларды жіберді.

 

Берік Қасен