Спорт

Гір көтеруден облыстық жарыс

 

Байрақты додаға аттанатын ел құрамасына жерлесіміз Сергей Басов та алынған. Ауыр атлет қазан айында Шымкент қаласында өткен республикалық “Ақбидай” ойындарында алтыннан алқа тағынған. Ал бүгін гуманитарлық-техникалық колледждің намысын арқалаған Қазақстан республикасының 4 дүркін чемпионы жерлестеріміздің арасында бақ сынауда. 73 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен атлет екі қолымен 32 келі тасты 50 рет жұлқып көтеріп, топ жарды.

 

Сергей Басов. ҚР спорт шебері:

-Қарашаның 19-ында Түмен қаласында өтетін әлем чемпионатына барамын. Жеңіске жететіне сенімдімін. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін.

 

Облыстық турнирде бағын сынауға келгендердің қатарында 6 нәзік жанды да бар. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Мария Наумова 16 келілік тасты 113 рет бір қолымен серпе көтерді. Осылайша ол қарсыластарынан басым түсті. Марияның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне 1 жыл болды. Аталған мерзім ішінде спортшы ел біріншілігінде 2-ші орынды алып үлгерген.

 

Мария Наумова. жарысқа қатысушы:

-Мені бұл спорт түріне топтас достарым шақырды. Гір көтеру маған бірден ұнады. Сөйтіп, осы спортқа келдім. Алдағы уақытта бұл спорт түрінен бас тарту ойымда жоқ.

 

Сайыста 7 салмақ дәрежесі бойынша жасөспірімдер және ересектер бағын сынады. Спортшылар 16, 24, 32 келілік тасты жұлқып және серпе көтеруден сайысқа түседі. Әр қатысушыға 10 минут уақыт беріледі.

 

Сергей Гутевич, бас төреші:

-Біздің чемпионат – әлем біріншілігінің алдында өткізіліп жатқан квалификациялық жарыс саналады. Бұл турнирде спортшылардың жасөспірімдік разряд пен спорт шеберіне үміткер талаптарын орындауға мүмкіндіктері бар.

 

Жарыста спортшылардың жекелей және командалық жетістіктері есепке алынды. Біріншіліктің қорытындысы бойынша гуманитарлық-техникалық колледжінің командасы топ жарды.

Нұрбек Нәбиев