Спорт

Дойбышылар сайысы

 

 

Өңірімізде дойбыдан облыстық чемпионат жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл жолы тартысты дода қала мен аудандардан келген 22 спортшының басын бір жерге жинады. Чемпионатқа қатысушылардың дені – дойбыдан спорт шеберіне үміткерлер және спорт шеберлері. Қала тұрғыны Төлеген Жораев мұндай жарыстарды қалт жібермей, мүмкіндігінше қатысып тұрады екен. Спорт шеберіне үміткер дойбыға бала кезінен құмарлық танытқан.

Облыстық чемпионатқа Жанахметовтер жанұсынан үш бірдей ойыншы келген. Дойбыдан спорт шеберінен үміткер Ойнарбек Жанахметов ұлы мен қызына бар білгенін үйретуден жалыққан емес. Сөйтіп, М.Жұмабаев ауданының намысын арқалай келген Ажар әкесін жерге қаратпады. Бойжеткен Уәлиханов ауданының спортшысымен өткен кездесудің бірінші партиясын жеңіспен аяқтады.

 

Жарыс өңірде осымен 30-шы рет ұйымдастырылды. Ережеге сәйкес спортшылар екі партиядан ойнады. Әр ойынға 30 минут берілген. Бұндай жаңашылдық биылдан ғана енгізілген. Осыған дейін дойбышылар әр партияға бір жарым сағаттан жұмсаған. Ал егер қарсыластар екі партияда да тең түссе, онда жинаған ұпайларымен тең бөлеседі.

 

Александр Новичков, жарыстың бас төрешісі:

– Орыс дойбысынан облыстық чемпионатқа қала мен 5 ауданның спортшылары қатысып отыр. Жарыс 4 топ бойынша өтікізілуде. Жалпы чемпионатқа дойбыдан 1 разряд иелері ғана қатысуда.

 

Жарыста бақтары жанғандар грамота және медальдармен марапатталып, өңір намысын ел көлемінде қорғауға мүмкіндік алды.

 

Бану Ахметова