Қоғам

6-шы Азаматтық форум жұмысына солтүстікқазақстандықтар белсене қатысты

 

Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық форумы 2 жылда бір ұйымдастырылады. Бұл жолы Елордадағы Тәуелсіздік сарайында 3-ші сектордың 600-ге тарта өкілі бас қосты. Өңіріміздің атынан жиынға 22 адамнан құрылған делегат қатысты. Дәстүрлі жиын мемлекет пен халық арасындағы көпір іспеттес ұйым белсенділеріне бірқатар мәселенің басын қайыруға мүмкіндік берген. Негізінен әңгіме өзегіне айналғаны – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру.

 

Сергей Худяков, “СҚО азаматтық қауымдастығы” ЗТБ төрағасы:

– Өңірлердің қарқынды дамуы өзін-өзі басқарудың тиімділігіне тікелей қатысты. Әсіресе ауылдықтарды түрлі ұйымдарға тартып, белсенділігін арттыру маңызды. Тың жобалар елді мекендерден бастау алуы тиіс. Ауылдың гүлденуі мемлекеттің өркендеуіне жол ашады.

 

Сергей Худяков секциялық отырыстарда осыған қатысты өзінің тың зерттемелерімен бөлісіпті. Еліміздің жер-жерінде азаматтық қоғамның мүддесін қорғап жүрген әріптестеріне әдістемелік құрал әзірлеген.

 

Сергей Худяков, “СҚО азаматтық қауымдастығы” ЗТБ төрағасы:

– Еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың алғашқы кезеңі деп аталатын мына әдістеме ауыл әкімдеріне таптырмас көмекші болады. Оның ішіне нормативтік-құқықтық базадағы соңғы өзгерістер кірістірілген.

 

Жерлестеріміздің өзге де бастамалары жиналғандардың қолдауын тапқан.

 

Сергей Худяков, “СҚО азаматтық қауымдастығы” ЗТБ төрағасы:

– Әлеуметтік тапсырыс салаларға жіктелуі тиіс. Біз осыған басымдық береміз. Бүгінде бұл іс бір ғана министрліктің мойнында. Өйткені әр министрлік өз саласының мәселелерін жетік біледі. Әлеуметтік мәселе жылдар бойы қордаланады. Оны шешу үшін ұзақ жылға жоспарланған кешенді бағдарлама құру керек.

 

Жалпы бүгінде өңірімізде 300-ге тарта үкіметтік емес ұйым тіркелген. Десе де үшінші сектордың тек 5/1 ғана белсенділік танытады екен. Алқалы жиындардың басты мақсаты – қоғамдық ұйымдардың тынысына жан бітіру. Олар өз кезегінде мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы байланысты бекіте түспек. Яғни қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсарту қамында етене еңбек ететін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов