Қоғам

Облыстық өлкетану мұражайында қарулар көрмесі ашылды

 

Златоуст қаласының шеберлері мұндай бұйымдарды жасаумен 17-18 ғасырлардан бастап айналысып келеді. Бастапқыда суық қаруларды жасаса, 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап, тұрмысқа қажетті бұйымдарды шығара бастапты. Бүгінгі көрме-жәрмеңкеге Ресей шеберлері жуырда жасаған қылыштар, кездіктер, пышақтар, безендірілген ыдыс-аяқтар, картиналар қойылды. Көрме-жәрмеңкеге жайылған дүниелердің барлығы жасалуы мен безендірілуі жағынан құнды болып келеді. Мына “танктік пышақ” ҰОС жылдары қолданылған суық қаруға ұқсастырылып жасалынған. Және “Шахерезада” шығыс жиынтығы шыныдан, алтын жалатылып өрнектелген. Құны шамамен 360 мың теңге тұрады. Ресей шеберлері Қазақстанның ел таңбасы мен құран сүрелерін де нақыштапты. Мәселен, мына бұйымды сатып алған адам бір ғана емес, айналасындағы 70 үйді түрлі жын-шайтандардан қорғай алады екен.

Көрме-жәрмеңкені тамашалауға келгендердің қатары қалың. Араларында ҰОС ардагерлері де баршылық. Солардың бірі – 92 жастағы Сергей Пресняков. Қарияға мұнда суық қарулар ұнапты.

 

Сергей Пресняков, ҰОС ардагері:

– Маған кезінде біз соғыста жанымыздан тастамай алып жүретін суық қарулар ұнады. Әсіресі сабы ағаштан жасалынған пышақ. Мұндай көрмелерде жиі бола бермеймін, дегенмен маған ұнады. Әр түрлі тақырыпты қамтыған.

 

Көрме-жәрмеңкені тамашалауға зейнеткер Зайра Көшімова да келіпті. Ол мұндай шараларды қалт жібермейді екен. Өңіріміз аққайыңдар өлкесі болғандықтан, ол аталған ағаштың бейнесі түсірілген картинаны сатып алмақ ойда екен.Тек бұл ғана емес, басқа да бұйымдар зейнеткердің көңілінен шығыпты.

Көрме-жәрмеңке Златоуст қару фабрикасының 200 жылдығына орай ұйымдастырылды. Және айта кету керек Ресейлік шеберлер біздің өңірге алғаш рет келіп отыр. Көрме-жәрмеңкені петропавлдықтар бір ай қызықтай алады. Тек тамашалап қана қоймай, ұнаған бұйымдарын сатып алу мүмкіндігі бар.

 

Бану Ахметова