Бизнес және экономика

Мемлекеттік бюджетті жоспарлау және атқару мәселелері ерекше көңіл бөлуді қажет етеді

 

 

Жергілікті жерлерде қордаланған мәселелер көп. Ал оларды шешу үшін қыруар қаржы қажет. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы дамытуда тек мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын ғана қамтамасыз етіп қоймай, бюджетті қалыптастыруда әлеуметтік саланың дамуы да басты назарда болуы керектігін міндеттеген болатын.

 

Айгүл Өтеуленова, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Заңда кірістің бірнеше түрі мен айыппұлдардан түскен қаражат арнайы есепшоттарға бағытталуы тиіс деп көрсетілген. Осыған орай бүгінгі таңда бюджеттік қаржының жергілікті маңызы бар мәселелердің шешілуіне бағытталуына бақылау күшейтілді. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің құзырын арттырды. Олар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыта отыра, салықтан келген қосымша қаржыны өз аумақтарындағы мәселелердің шешілуіне жұмсау мүмкіндіктеріне ие болды.

 

Осы жылы елімізде бюджет саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданған болатын. Жоба келер жылдан бастап екі бағытта жүзеге асырылмақ. Негізгі мақсат бөлінген қаржының орынды жұмсалуын қамтамасыз ету. Себебі ел қазынасындағы қаражаттың әр тиынына дейін есептеулі.

 

Айгүл Өтеуленова, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Бюджеттік қаржының игерілуі бірден үш жылға есептелінеді. Яғни өткен жылдардағы шығындар басты назарға алынады. Ол халық санының артуы, пайыздық үстеме ақы мен жалпы ішкі өнімнің өсуі арқылы межеленеді. Бұл ретте әкімдер жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасап, сол арқылы салықтың ауқымын кеңейтсе, соғұрлым қосымша қаржы мөлшері де еселенеді.

 

Бүгінде 2014-2016 жылдарға арналған облыс бюджеті жоспарлы түрде есептелініп шығарылыпты. Қазір ол халық қалаулыларының қарауына жіберілген. Мамандар қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталатын болады дейді.

 

Айгүл Өтеуленова, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Жергілікті бюджеттің 2014 жылы қаншасы қайда бағытталатынын есептеп шығардық. Оның 716 миллион 311 мың теңгесі денсаулық сақтау саласын дамытуға тиесілі болса, ауыл шаруашылығына бөлінетіні 15 миллиард 865 миллион. Автокөлік жолдарына 4 миллиард 449 миллион теңге құйылмақ.

 

Жалпы алғанда облыстық бюджет қаржысының бәрі өңіріміздегі күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне  бағытталады дейді мамандар. Ол халықтың әл ауқатын арттыру үшін қажет.

 

Самат Есмағи