Қоғам

Манаш Қозыбаев оқулары

 

“Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” деген осы болар. М.Қозыбаевты білмейтін адам кемде-кем. Кезінде Қазақстан түгіл, Кеңес Одағына танымал болған тарихшының еңбектері әлі күнге дейін құнды. Жиынға қатысушылар оның мен мұндалап тұрған ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ғалымның рухына тағзым етті. Бұдан кейін барлығы конференцияны бастау үшін орындарына келіп жайғасты. Алқалы жиында алғашқы болып Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров сөз сөйледі. Өңір жетекшісі баяндамасында М.Қозыбаевтың еңбек жолына тоқталып, оның белсенді азамат болғанын, соңында өшпес із қалдырғанын атап өтті.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-М.Қозыбаев – Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Ш.Уәлиханов сыйлығының және мемлекеттік сыйлықтың иегері. ҚР Президентінің Бейбітшілік және ұлтаралық келісім сыйлығының лауреаты. Ағамыздың бастамасымен елімізде көптеген қоғамдық істер жүргізілді. Атақты ғалымның өмірі мен еңбек жолы жас тарихшыларға өнеге. М.Қабашұлының жарты ғасырға жуық уақытта жазған 1000-ға жуық еңбегі – зор қазына, асыл мұра.

 

М.Қозыбаев “Қазақстан – майдан арсеналы” деген тақырыпта монография жазып, 37 жасында доктор атағын алған екен. Жалпы өткенге үңілсек, қазақ елінің тарихында ақтаңдақтар көп болып еді дейді жиында сөз сөйлегендер. Бірақ алғыр азамат Қазақстандағы аштық жайлы ашық айтқан алғашқылардың бірі. Ойымен, ісімен өзгеше, сөзі ашық, ал жарқ еткен баяндамалары үнемі жүректе қалатын деп еске алды оны білетін ғалымдар. Бүгінгі жиынға ғалымның зайыбы Сара Қозыбаева да қатысты. Оған деген ілтипат ерекше. Сара апай Мәкеңді ұмытпаған халқына риза.

 

Сара Қозыбаева, М.Қозыбаевтың зайыбы:

-Университеттің профессорлары, мұғалімдері – барлығы сондай жақсы ниетпен қарсы алып, М.Қабашұлының еңбектерін дәріптеп, оқу-әдістеріне кіргізіп, соның бәрін дамытуда. Өзіміздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы тарихшылар қауымының алдына үлкен проблемаларды қойды. Сол проблемаларды шешуге осы университеттің де тарихшылары дайын. Оның негізін қалап кеткен Манаш Қабашұлы болатын.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне М.Қозвбаевтің есімі 10 жыл бұрын берілген. Содан бастау алған Қозыбаев оқулары жыл сайын өткізіліп келеді. Тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжітов бүгінгісінің тақырыбы ауқымды дейді.

 

Саттар Мәжітов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Алматы қаласы:

-Дамыған мемлекеттің негізін қалыптастырып жатқан кезде тарихтың атқаратын рөлі ерекше. Ол ең алдымен қоғам санасының қалыптасуына қатты әсер етеді. Ал, мұндай ғұламалардың мұрасынан ең алдымен, осындай сабақтарды алуға болатын сияқты. Біз егер де өзімізді мәдениетті, өркениетті халық ретінде көрсеткіміз келсе, Манаш ағамыз кезінде «Ең алдымен ұлттық намысымызды қалыптастыруымыз керек» деп айтып кеткен екен.

 

Бұл конференцияға байланысты 307 ғылыми мақаладан жинақталған 5 том оқулық басылып шыққан. Жиынға қатысқандар ол материалдардың алдағы зерттеу жұмыстарына пайдалы болатынын айтты.

 

Данаш Хамзина