Спорт

Бокстан облыстық турнир

 

Жарыс шымылдығын 32 келі салмақ дәрежесіне дейінгі боксшылар ашты. Шаршы алаңда Роман Бушмакин мен Данияр Аңдамасов. Алғашқысы Ғ.Мүсірепов ауданының намысын арқалаған саңлақ. Бәсекелесі – “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Қарсыластар үш раунд бойы бір – біріне беріспеді. Кездесу соңында Ғ.Мүсіреповтік таразы басын өзіне бұрып, басымдық танытты. Енді ол шеберлігін келесі айналымда тағы сынайды.

 

Роман Бушмакин, сайыскер, Ғ. Мүсірепов ауданы:

– Алаңдағы қарсыласыммен күш сынасу оңай болмады. Келесі жекпе-жектер де мен үшін сәтті өтетініне сенімдімін. Жарысқа 1 жыл бойы тынымсыз дайындалдым.

 

Жалпы өңірлік тартыста жеңімпаздар 14 салмақ дәрежесі бойынша анықталмақ. Барлығы бақ пен бап таластыруға бел буған 148 жасөспірім қолғап түйістіреді. Алқалар жиынтығын сарапқа салатындардың 15-і спорт шебері. 28-і бұл атаққа үміткер. Десе де кімнің мысы басатынын алдағы кездесулер танытады. Бәсекелестік шынымен зор.

 

Азамат Жақиянов, ҚР спорт шебері, ұлттық санаттағы бас төреші:

– Қазіргі таңда боксқа ден қойып, рингке шығамын деп талпынған жасөспірімдер қатары қалың. Бұл біздер үшін қуантарлық жайт. Себебі бәсеке бар жерден нәтиже шығады. Өзара шыңдалып, шеберлік алмасады.

 

Бәсеке қорытындысы үш күннен кейін шығарылып, мықтылар анықталады. Барлық жеңімпаздар медаль, кубоктармен марапатталмақ.

 

Бақыт Сәдуақасов