Билік

Аққайың ауданының әкімі тікелей эфирде есеп берді

 

Алдымен Қайрат Қасенов аудандағы атқарылған істер жайлы баяндады. Аққайыңдықтар  биылғы жылы 214 мың  гектардан астам жерге ырыс дәнін сіңіріпті.  Өнім берекелігі 14,2 центнерден айналып, қамбаға 258,1 мың  тонна өнім құйылған. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 398,8 млн теңге субсидия бөлініпті.

Қайрат  Қасенов, Аққайың ауданының әкімі:

– Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010 жылы 300 млн теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Ал 2011 жылы «Зенченко и К» КС элеваторлық кешенді іске қосты. Оның жылдық қуаттылығы 25 мың тоннаны құрайды. Жоба құны 480 млн теңгеге бағаланған. Соның арқасында жаңа 30 жұмыс орны пайда болды.

 

Қайрат Қасеновтің есебін тыңдағанан кейін журналистер аудан басшысына өз сауалдарын жолдады. Өткен жылы «Леонов» және «Полтавское» ШҚ шетелден әкелінген малдары қырылып қалған болатын. Кәсіпкерлердің қазіргі тұрмыс тіршілігі баспасөз өкілдерінің назарынан тыс қалмады.

 

Қайрат  Қасенов,Аққайың ауданының әкімі:

– «Леонов» шаруа қожалығы қараша айында 250 бас мал әкеледі. Шығын толығымен өтеледі. «Полтавское» бойынша айтар болсақ, жыл соңына дейін бұл кәсіпкер де шетелден мал әкеледі. «Қазагрофинанс» қолдау көрсетуге әзір.

 

Аққайың ауданының орталығы Смирнов елді мекені мен Трудовое ауылында жол мәселесі өзекті. Жарық жоқ, су сапасыз. Әріптесім Ирина Панфилова осы сауалдардың қашан шешілетіндігін де  сұрады.

 

Қайрат  Қасенов, Аққайың ауданының әкімі:

–  Жол мәселесіне келер болсақ, бұл сала жеке меншік- мемлекеттік әріптестік бойынша шешімін табады деген ойдамыз. Қазір аудан кәсіпкерлері көмек көрсетуде. Бүгіндері 12 жобалық-сметалық құжат дайындалды. Тек Смирнов елді мекеніндегі 8 шағын жолды қалыпқа келтірмекпіз. Трудовое ауылына келсек, 2011 жылы жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасалды. Облыс басшысы Самат Ескендіровтің қолдауымен бұл сауал шешімін табады. Ал су мәселесіне қатысты айтар болсақ. Қазір 20 ауылға су тарту үшін  7,2 млрд теңге қаржы қажет. Жуық арада тіршілік көзімен қамтылу да жолға қойылады деген ойдамын.

 

Келесі жолы тікелей эфирде журналистер сауалына Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев жауап береді.