Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алдағы жылы облыс жолдарын жаңғыртуға 4,5 млрд теңге бөлінеді

 

 

Елімізде саны көп, сапасы жоқ шағын қалалар жетерлік. Кеңестік дәуірде дүркіреген шахарлардың қазіргі жағдайы мүшкіл. Оларды қайта түрлендіру керектігін алға тартқан Елбасы үкіметке моноқалаларды дамыту бағдарламасын әзірлеуді міндеттеген болатын. Жобаға бас-аяғы 47 қала енгізілген. Оларды абаттандыруға биылға 18,8 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде қаражаттың 14,5 миллиард теңгесі игерілмепті. Бұл сандар өңірлік даму министрінің хабарламасында көрініс тапты. Өткен жылы қолға алынған пилоттық жоба шеңберінде тек 5 қаланың бас жоспары бекітілген. Жетеуі әлі қарастырылып жатса, қалғандарында мүлдем үн жоқ деп түйіндеді өз сөзін Болат Жәмішев. Моноқалалары бар өңірлер ұсынған 47 жобаға ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінді. Алайда оның тек 10-ы ғана жүзеге асырылып жатыр бүгінгі таңда. Осыны сынға алған Премьер-министр ағаттыққа бірінші кезекте шағын шахар басшысы мен облыс әкімдері жол бергендігін атап көрсетті. Бүгінгі күні бұл қалалардағы халық саны 1,35 миллионның үстінде. Олардың әрқайсысында ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар бар. Алайда ешқайсысы толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Серік Ахметов бұл мақсатқа бағытталған қаржы аз еместігін алға тартып, оның әр тиыны орынды жұмсалуы керектігін ескертті.

Жиында қаралған екінші мәселе облыстық және аудандық маңызы бар күре жолдардың жағдайы. Олардың жалпы ұзындығы 73 930 шақырым. Десек те 70 пайызы сын көтермейді. Оны өз сөзінде көлік және коммуникация министрі атап көрсетті. Үкіметтен жол жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы жыл санап артып келеді. Бірақ оған кей өңірлер жергілікті қазынадан бір тиын бағыттамаған. Әкімдер үкіметке қарап ауыз аша бермеуі керек. Бұл ретте Серік Ахметов кім қанша қаржы шығарса, үкіметтен де сонша қаржы бағытталады деді. 2020 жылға дейін жол мәселесі түбегейлі шешімін табуы тиіс. Жергілікті бюджет қаржысын есептемегеннің өзінде автокөлік инфрақұрылымын дамытуда мемлекеттен 2014-2016 жылдарға бағытталатын қаржы 115 миллиард теңгені құрамақ. Ол орынды жұмсалуы үшін бірінші кезекте нақты жоба әзірленуі тиіс. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жиында қаралған бірінші мәселенің біздің өңірімізге қатысы жоқ. Дегенмен бізде Тайынша, Булаев, Мамлют, Сергеев қалалары бар.  Моношахарлар қатарына кірмейді. Десекте оларды дамыту жағын қарастыруымыз керек.

 

Ал жол мәселесінің өткірлігі баршамызға ортақ. Оған осыдан бірер күн бұрын өңірімізде жұмыс сапарымен болған көлік және коммуникация министрінің өзі де көз жеткізді деді Самат Ескендіров.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Өткен жылы бөлінген қаржы көрсеткіші бойынша республикада 3-ші орында болсақ, трансферт жөнінен 5-і орынды қанжығаладық. Келер жылғы жол жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 4 миллиард 449 миллион теңге бағыттайтын боламыз. Ол 2012 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп.

 

Күре жолдардың жағдайын оңалтуға келер жылы да қомақты қаражат бөлініп отыр. Бірақ жол жөндеу жұмыстары заман талабына сай әрі жаңа технологияларды қолдана отыра жүргізілуі шарт. Жобалық сметалық құжатты әзірлегенде осыған баса назар аударылуы керек.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Жол мәселесі облыс орталығы үшін де маңызды. Жалпы ұзындығы 366 шақырымның тек 147-де ғана асфальт бар. Қалғаны жай жолдар, оны қалыпта ұстаудың өзіне қыруар қаржы жұмсалады. Ақша бөлуде осы жағын ескерсеңіздер.

 

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Петропавл қаласының жолдарын жөндеуге қатысты жоба әзірлеу керектігін міндеттеді. Ол бюджет нақтылаған кезде есепке алынатын болады.

 

Самат Есмағи