Қоғам

Әйелдер колониясында “Үздік сылақшы” байқауы өтті

“Үздік сылақшы” байқауы еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды.  Сайысқа қатысушылар берілген тапсырманы орындамас бұрын, Ұлт көшбасшысы туралы бейнебаянды тамашалады.

Байқауға қатысушыларға бірнеше талаптар қойылды. Ең алдымен олар өздерін қазылар алқасына таныстырды. Петропавл құрылыс колледжінің 2 курс студенті Ольга Вотчель де байқауда өз бағын сынауда.

 

Ольга Вотчель, Петропавл құрылыс колледжінің студенті:

-Мұндай сайыстардың өткізілуі жақсы деп ойлаймын. Өйткені осындай байқаулардың арқасында біз өз тәжірибемізді шыңдай аламыз. Жалпы, бұл сынға жақсы дайындалдық.

 

Байқауға ЕС-164/6 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген тұлғалар да қатысуда. Әйелдер колониясының жанында кәсіптік колледж жұмыс істейді. Мұнда жазасын өтеушілер тігінші, сылақшы мамандықтары бойынша білім алады екен. Түрмеде меңгерген мамандық жазасын өтеушілер бостандыққа шыққанда ауадай қажет. Бүгінгі сында өз қабілетін Жанар Нашкенова да сынап көрді. Ол ірі көлемде ақша жымқырды деген айыппен 8 жылға бас бостандығынан айрылыпты. 36 жастағы келіншектің негізгі мамандығы есепші екен. Қазір тігінші және сылақшы мамандықтарын қоса меңгеруде.

 

Жанар Нашкенова, жазасын өтеуші:

– Мұндай сайыстар маған ұнайды. Өйткені, өз шеберлігімізді өзге байқауға қатысушылармен сынап көруге болады. Бос уақытымда кітап оқимын. Тігін тігіп, сылақшы мамандығының қыр- сырын меңгеріп жүрмін.

 

Байқауға қатысушылар мамандықтарына қатысты тест сұрақтарына жауап беріп, сөзжұмбақты шешті. Және қабырғаны сылау бойынша да қабілеттерін байқап көрді.

Сыннан сүрінбегендер грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.

 

Бану Ахметова