Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтың облысқа жұмыс сапары

 

 

Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев өңірімізге Астанадан Петропавлға дейін төселіп жатқан жаңа жолмен келіпті. Алқалы жиынды ашқан мейман өз сөзін сапардан алған әсерімен бөлісуден бастады.

 

Асқар Жұмағалиев, ҚР көлік және коммуникация министрі:

– Астана-Шу бағытындағы жолдың сапасы жақсы. Дәл осылай Көкшетау мен Петропавлды байланыстыратын трассаны жаңғыртудың жоспары құрылған. Бұл СҚО үшін аса маңызды жол. Оның құрылысына озық үлгідегі технологиялар қолданылуда. Біріншіден сапа қамында. Құны да бұрынғысынан 30 пайызға арзанға түседі. Жаңа әдістерді енгізіп жол құрылысын жаңғырту – Елбасы қойған тапсырма.

 

Көлік және коммуникация министрлігі төселіп жатқан жолдардың сапасын ұдайы бақылауда ұстау жағын да қарастырып қойыпты.

 

Асқар Жұмағалиев, ҚР көлік және коммуникация министрі:

-Жылжымалы зертханалар тексеріп жатқан жол сапасы жайындағы ақпаратты бірден орталыққа жеткізеді. Бұндай автоматты сараптаманың 3 данасын алып қойдық. Келесі жылы тағы 8-не тапсырыс бердік. Алдағы уақытта барлық өңірлерді жылжымалы зертхана пункттерімен қамтитын боламыз. Жергілікті жолдарды жақсартуға атқарушы билік тарапынан үлкен көңіл бөлінетінін білемін. Десе де бар кемшіліктерді уақытында шешуге тырысқан жөн. Әсіресе межеленген жоспардан қалыспау керек.

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров өз кезегінде Елбасы жолдардағы қауіпсіздікке де басымдық беретінін атап өтті. Ол бекер емес. Өйткені, республикамызда жол апаттарынан жапа шегушілер екі есеге ұлғайған. Жыл басынан өлке трассаларында 304 жол оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 42 адам қаза тапса, 382-сі түрлі дене жарақаттарын алған.

 

Ахан Қажкенов, СҚО ІІД басшысы:

– Жол апаттарының 80 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алды. Әрбір 7-ші факті жылдамдықты шамадан тыс асырғандықтың кесірі. Әр жетінші келеңсіздік бұрылыс ережелерін ескермегендіктен туындаған. Әр 1-ші оқиға қарсы бағытқа шығудан тіркелді. Рөлге мас күйінде отырғандармен туындайтын апаттар саны да азаятын емес.

 

Сондай-ақ отырыста облыс арқылы өтетін республикалық маңыздағы жолдарды қалпына келтіру мәселесі қаралды. Өңір жетекшісі министрден қаламыздың оңтүстік қақпасындағы жолды жөндеуге қол ұшын беруді сұрады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Қаланың шетінде Жамбыл көшесіндегі көпірден бастап 11 шақырымдық аумақты жөндеу қажет. Қос жолақты бірінші санаттағы жол қаламыздың кіреберісінде болғандықтан көліктер көп қатынайды. Қалпына келтіру жұмыстарына 100 млн. теңге қаржы бөлінсе дейміз.

Ерік Сұлтанов, “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ басқармасының төрағасы:

– Асқар Қуанышұлы әуежай бойынша берген есебінде бұл мәселені қозғаған. 11 шақырымын толықтай жаңарту қажет. Оған қаржы қарастырылды. Жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге байқау жарияладық. Келесі жылы жаңғырту жұмыстары басталады. 2014 жылы қолданысқа тапсыруды көздеп отырмыз.

 

Жалпы өңірімізде 9 мың шақырымға тарта автомобиль жолы бар. Көлік қатынауын жақсарту бағытында биыл олардың 10 мың шақырымы жаңартылып, 25 км-не күрделі, 58 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Бұл шаруаға 5 млрд. теңгеден артық қаржы құйылған. Осылайша, жолдардың жалпы жағдайы 7 пайызға жақсарыпты.

Өлкеге қарасты жолдардың жартысынан астамы аудандар арқылы өтеді. Сондықтан биыл елді мекендер арасындағы көлік байланысын жақсартуға басымдық беріліпті. Жыл басынан ғана халық көп шоғырланған 250 ауылды басып өтетін жол қатынауы оңалды. Самат Ескендіров сапа жағына ерекше көңіл бөлінгендігін тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Мердігерлердің жұмысы ұдайы тексеріліп тұрады. Республикалық трансферттерден бөлек жасалып жатқан құрылыс ауқымы толықтай бақылауда. Жуырда бір мердігер тапсырылған аумағын үш рет жөндеді. Сенім ұялатпайтын ондай құрылысшыларға бұдан былай жұмыс берілмейді.

 

Көлік және коммуникация министрі жұмысына салғырт қарайтын мердігерлерді қара тізімге енгізу табылған ақыл деді. Бірінші кезекте сапа тұру керек. Биыл облыстық қазынадан ғана жолдарды қалпына келтіру жұмыстарына 2 млрд. 600 мың теңге қарастырылыпты. Қаржы қомақты. Алайда оның өзі азшылық ететін көрінеді. Қолданыстағы трассалардың  дені өткен ғасырдың 70-ші жылдары төселіпті. Соңғы сараптама бар жолдың 66 пайызы әбден тозып, бұзылғанын көрсетіпті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Біз аграрлық өлкеміз. Жыл сайын 5 млн тоннадай астық тасылады. Көктемгі егіс пен күзгі орақ науқаны әдеттегідей жаңбырлы. Жауын-шашын жолдың сапасына кері әсерін тигізетіні белгілі. Оның үстіне жүк көліктері көптеп қатынайды. Бүгінде жолдардың 49 пайызына күрделі жөндеу жасау керек. Сондықтан республикалық трансферттердің ұлғайтылуын қалаймыз. Өз кезегімізде өңір қазынасынан бөлінетін ақшаны көбейтуге тырысамыз.

 

Бұл мақсатқа келесі жылы облыс бюджетінен кемінде 4 млрд. теңге қарастырылмақшы. Сондай-ақ өңір жетекшісі министрге күрделі жөндеумен қатар, орташа қалпына келтіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлінсе игі болатынын жеткізді. Жалпы алдағы 4 жылда өлке жолдарын жаңғыртуға 9 млрд теңге бөлінбек.

 

Жеңіс Ермұқанов