Билік

Петропавл қаласының әкімі коммуналдық қызметтердің жұмысын сынға алды

 

 

Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Сондықтан коммуналдық мекемелердің желілерде туындап жатқан олқылықтарын түзетуге аз ғана уақыты қалды. Ауа райы болжамына сенсек, қарашаның 20-нан кейін күн күрт суытады.

 

Төлеген Закариянов,Петропавл қаласының әкімі:

– Қаладағы жылу желілерінің жағдайы алаңдатады. Сіздердің тараптарыңыздан қазір апаттардың алдын алуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Өйткені қыс қатты болады деген болжам бар.

 

Қуандық Кеңесбаев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:

– Біз жылыту маусымын жаңа әдіспен бастадық. Желілердегі қысымды арттырып, осал тұстарды анықтап, жөнге келтіріп жатырмыз. Бұның барлығы ертең тіпті суық түскенде апаттардың санын азайту үшін жасалып жатыр.

 

Қаладағы көпқабатты баспаналарға жылу берілгеніне 1 ай болды. Осы уақыт аралығында кәсіпорын мамандары желілерде орын алған апаттарды жөндеуге 169 рет шыққан. Ал өткен жылы жалпы маңызды маусым бойына апаттық бригадалар 200-ден астам ақауға тосқауыл болған. Биыл мамандардың жұмысы көбейгенімен, бригадалардың бір апат орнына бірнеше мәрте шыққаны тіркелген. Сол себепті қала басшысы серіктестіктегі апаттардың алдын алу мақсатында құрылған бригадалардың жұмысын сынға алды.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Алғашқы жолы сіздердің бригада жөндеу жұмыстарын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Мен «Бэст» гимназиясының жанындағы орын алған апат жайлы айтып отырмын. Әдейі барып қарадым. Дәл сол құбырды өткенде екінші рет келіп жөндеп жатты. Бұл сапасыз жұмыстың көрінісі.

 

Бүгінгі таңда жылу желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан қысқы маусымнан үлкен апаттарсыз шығу үшін қолда бар мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Бұл ретте Төлеген Закариянов «Петропавл жылу желілері» ЖШС-де бар 13 апаттық бригадаға қоса, қаладағы өзге де коммуналдық кәсіпорындардың мамандарын жұмылдыруды тапсырды.

 

Мағжан Ахмадина