Құқық қорғау органдары

Ойыншық пистолетпен дүкен тонаған үшеу көп ұзамай ұсталды

 

 

Оқиға Жұмысшы кентіндегі 8-ші март көшесіндегі азық-түлік дүкендерінің бірінде орын алған. Бетперде киген ер адам сауда нүктесіне кіріп келіп, сатушыға қару кезеніп, қолда бар ақшаны беруді талап еткен. Зәресі ұшқан жәбірленуші кассада бар 5 мың теңгені ұстатып, пәледен құтылған.

 

Ирина Жукова, сатушы:

– Сағат кешкі тоғыз жарым шамасында бетперде киген ер адам кіріп келді. Тапанша кезеніп, кассадағы ақшаны алды. Кейін екінші бөлмеге кіріп, тез шығып кетіп қалды. Мен есікті жаптым да полиция шақырдым.

 

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшалары бірден іздестіру шараларына кірісті. Қылмыс орын алған жерді тексеріп, куәгерлерді сұрастырудың барысында оңай ақша табуды көздеген пысықайлар ұсталды. Сезіктілердің бірі дүкенге кіріп, ақша талап еткенде, екі сыбайласы оны далада күтіп тұрған.

Күдікті ретінде 23-25 жас аралығындағы үш жігіт құрықталды. Олардың екеуі нашақор ретінде есепте тұр. Қала тұрғындары бірден өз кінәларын мойындады. Қарақшылық жоспар да бұрыннан құрылып қойған екен. Бірақ қылмыскерлер кассада бұдан да көп сома болады деп ойлаған.

 

Күдікті:

-Біз дүкенге бардық.Менімен болған бір адам дүкенге кірді. Оның қолында ойыншық тапанша болды. Ақшаны алып шығып кетті.

 

Сезіктілер қолды қылған ақшаны бөліп, жұмсап үлгерген. Қазіргі таңда аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, екеуі қамауға алынса, енді бірі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Тергеу амалдары жалғасуда. Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша 18 қарақшылық тіркелсе, соның 13-і ізі суымай ашылған.

 

Мағжан Ахмадина