Қоғам

Айыртаулықтар жолдан қиындық көруде

 

Айыртау ауданындағы Үкілі Ыбырай ауылындағы мәдениет ошағының іргесі 1984 жылы қаланған. Кезінде дүркіреп жұмыс істеп тұрған нысан тоқырау жылдарында тұралап қалады. Ал осы іспеттес ғимараттарды жаппай сату басталған шақта ол жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Бүгінде қабырғасы, шатыры, есік-терезелері мен едені сау. Бірақ оны жандандыруға жеке кәсіпкер мән бермей ме, әлде қаржы тапшылығы қолбайлау болды ма ол жағы белгісіз. Әйтеуір нысан толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ.

Ауыл ортасындағы мәдениет ошағының сырты бүтін-іші түтін. Десек те той-томалақ, би кешін өткізуге жарап тұр. Ал оған шамалап қаржы құйса, жағдайын оңалтуға болады.

Округ халқын қинап отырған тағы бір мәселе Ол Антоновка, Горный бағытына қатынайтын күре жол жағдайының нашарлығы. Биылғы жылы қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары Үкілі Ыбырай ауылының іргесіне келіп тоқтап қалған. Ал одан Есіл ауданындағы Горныйға дейінгі жолдағы ой-шұқырдан түн түгілі күндіздің өзінде жүріп болмайсың.

Аудан көлеміндегі нашар жол тек бұл емес. Еленовка -Арықбалық- Чистополье- Есіл, Саумалкөл- Новоишимка- Червонное, Арықбалық-Саумалкөл бағытындағы жолдар да күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі күні олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы сомасы да есептелініп қойған. Бұл жұмыстар 2014-2015 жылдары атқарылмақ.

 

Мафруза Науанова, Айыртау ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары:

-Биылғы жылы жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 600 миллион теңге. Ол игерілді. Келер жылға бұл мақсатқа қарастырылған сома 750 миллон. Антоновака -Горный бағытындағы жолдың қалған бөлігі сол қаржыға кірістіріліп отыр. Үкілі Ыбырайдан Горныйға дейінгі трассаны 2014-те аяқтаймыз.

 

Елмен елді жалғайтын күре жолдардың жағдайын жақсартуды Елбасының өзі міндеттеген болатын. Себебі ол экономикамызды одан әрі дамыту үшін қажет. Ол өскен сайын халықтың да әл-ауқаты арта түседі.

 

Самат Есмағи