Білім

Санитарлық қызмет Петропавлдағы бір балабақшаның жұмысын тоқтатты

 

 

Таң атысымен “Ашық аспан” бөбек жайының маңына ата-аналар мен педагогтар көптеп жиналды. Бәрін бір ғана мәселе алаңдатуда – бүлдіршіндерді тәрбиелеу ошағы енді жұмыс істемейтін болды. Мемлекеттік балабақшаларға кезекте тұрған ата-ананың көпшілігі орын босағанша бүлдіршіндерін осы жекеменшік білім беру мекемесіне апарып, амалдап жүрген көрінеді.

 

Екатерина Фирсова:

– Ақша керек, ол үшін жұмыс істеуім қажет. Енді, қайда барарымды білмеймін. Бұл балабақшаға баламды орналастыру үшін 1 жыл күттім.

 

Балабақшаның жабылып қалғанына 10 күн болды. Содан бері талай ата-ана балаларын кімге қалдырарын білмей, бастары қатты. Бірі бүлдіршіндеріне қарау үшін демалыс алса, өзгелерін әжелері бағып қалған. Амалы болмағандары тіпті жұмыстан шығуға мәжбүр.

 

Наталья Дорошенко:

– Балама қарау үшін жұмысымды тастап кеттім. Өйткені оны апаратын жер жоқ. Бұл балабақшаға біз айына 20 мың теңге төлеп келген едік.

 

Балабақша жабылғанша онда 140 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие алып келген. Білім ошағында 30 педагог еңбек етіпті. Енді барлығының далада қалатын түрі бар.

 

Марина Старшко, “Ашық аспан” бөбекжайының педагогы:

-Балабақшаның жанында автокөлік жуатын орын болғандықтан санитар мамандар біздің жұмыс істеуімізге рұқсат бермей отыр. Директорымыз Нина Андреевна оларға 10 рет барды. Бірақ жағдай өзгерген жоқ.

 

Шынымен-ақ, автокөлік жуатын орын “Ашық аспан” балабақшасының дәл бүйірінде орналасқан. Дегенмен осы жерде көліктер мектепке дейінгі білім беретін мекеме ашылмай тұрып, жуылып келген.

 

Светлана Илюхина, «СЕВЕРЭНЕРГОЦЕНТР» ЖШС директоры:

– Бұл балабақшаға балаларын әкеліп жүрген ата-аналар мәселенің түп-төркінінен хабарсыз. Сондықтан шу шығарып жатыр. Мен халыққа қызмет көрсету орталығына балабақшаға қатысты құжаттарға сұрау жасадым. Онда бұл ғимарат ағаш өңдеу цехы ретінде тіркелген. Негізінде бөбекжайды ашатын кәсіпкердің қажетті рұқсат құжаттары болуы керек деп ойлаймын.

 

Анығында “Ашық аспан” бөбекжайының ғимараты бұрындары “Радость” балабақшасы болып, 90-шы жылдары бәз-біреулерге жекеменшікке өтіп кеткен. Бір кездері ол пәтер ретінде пайдаланылған. Ал 2012 жылдың 26 қарашасынан бұл жерде атышулы жекеменшік балабақша ашылып, бір жыл бойы заңсыз жұмыс істеп келіпті.

 

Татьяна Горлова, СҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары

– Көп жағдайда кәсіпкерлікпен айналысатын жандардың өтініштерін қарағанда, барлық талаптар сақталғанын ескеріп, оң шешім шығарамыз. Ал, «Ашық аспанның» иесіне келетін болсақ, әу бастан құжаттарды рәсімдеуде шикіліктер болды. Ешқандай актісіз, санитарлық талаптарға жауап беретін құжатсыз 1 жыл бойы жұмыс істеді. «Ашық аспан» деген атпен осыған дейін 3 балабақша ашылған. Мынау 4-шісі.

 

«Ашық аспанға» қатысты соттың шешімі 21 шілдеде шығып, бөбекжайды жабу туралы сот қаулысы 8 қазанда заңды күшіне енген.

 

Татьяна Горлова, СҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары

– Балабақшаның жабылып қалғаны ата-аналарға қиынға соққанын түсінеміз. Кәсіпкер де осыны пайдаланып, олардың көмегімен шу шығарып жатыр. Бірақ, бұл жерде кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі болуы керек. Өзге кәсіпкерлер қажетті құжаттарын әкеліп, рұқсатымызды алып, тыныш жұмыс істеп жатыр. Ал, Мацкевич ханымның заң аясында жұмыс істеуіне не кедергі болғанын білмеймін.

 

Өңірімізде 9 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұрғанымен, мемлекет бала тәрбиесімен айналысатын жеке меншік балабақшаның заңсыз жұмыс істеуіне жол бермейді.

 

Бану Ахметова