Құқық қорғау органдары

Қызылжар ауданындағы Белое көлінде заңсыз балық аулаған браконьер ұсталды

 

Белое көлі техникалық су қоймасы болғандықтан, мұнда үлкен көлемде балық аулауға тыйым салынған. Десек те қала мен көршілес аудандардан келген әуесқой балықшылар үшін су қоймасынан 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат берілген. Мәселен, мына балықшылар қармағына алабұға мен табан түсіру үшін таңның атысынан бері отыр.

Әрі кетсе 3 сағаттың ішінде 2-3 балық ұстайды. Балықтың жемтікке келмеуіне браконьерлердің заңсыз құрып қойған аулары себеп болып отыр. Браконьерлер қоршаған ортаға үлкен шығын әкелуде дейді балық инспекциясы бөлімінің бас маманы. Себебі, суға құрылған қытайдың тұзағы балықтардың көбеюін тежейді. Заңсыз балық аулаушылар сөгілген ауларды да ойланбастан су түбінде қалдыра береді.

 

Григорий Петрушевкский, СҚО бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

-Браконьерлер жыртылған ауларды көлге лақтырып тастайды. Ал оған шырмалып өлген қанша балық өлексесі суды бүлдіреді. Біз облыстың барлық өзен-көлдерінен аулардың 100-ден астамын табамыз. Бұл ау базарда бар болғаны 700 тг ғана тұрады. Ал, заңсыз балық аулаушылар оның көмегімен күніне 5000 тг-ге дейін пайда табады.

 

Заңды белінен басқан зиянкестердің әрекетін доғару қамында балық инспекциясы мен СҚО ІІД-нің табиғат қорғау полициясы жыл басынан тексеріс шараларын өткізуде.Осыған дейін мына маңда рейд жүргізілгенімен осы жерден 1 қайық пен тағы қытайдың 40 дана ауы табылды.

 

Марат Есімсейітов, СҚО бойынша балық инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

– Қытайдың бұл ауын Қазақстан су қоймаларында пайдалануға заң жүзінде тыйым салынған. Қазір 1 браконьерді анықтадық. Ол таңғы 8-де осы жерден ауына түскен 40 келі балықты қалаға апарып, 150 тг-ден саудалаған. Күдікті Белое селосының тұрғыны. Айтуы бойынша, оның тағы 3 сыбайласы бар екен.

 

Балық инспекциясының мамандары барлық айғақтар жиналған соң істі сотқа жолдаймыз деп отыр.

Кейін заңды белінен басқандар 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал балықшылардың аулары тәркіленіп, арнайы комиссияның көзінше өртелетін болады. Жалпы жыл басынан жүргізілген жедел-алдын алу шаралары кезінде облыс аумағында балықты заңсыз аулаудың 100 фактісі тіркелді.

 

Берік Қасен