Қоғам

Петропавлда бірқазан пайда болды

 

 

Желке қауырсыны жалданып, бұйра келгендіктен бұл құсты бізде бұйра бірқазан деп атайды. Бірқазан – топтанып жүретін құстар. Олар балықтарды көбіне су құзғындарымен бірлесіп аулайды. Негізгі қоректері табан, қаракөз, сазан, алабұға және басқа балықтар, ересектері күніне 1,5-2 килограмдай балық жейді.

Евразияның оңтүстік бөлігіндегі көлемді суларды мекендейді. Жерорта, Каспий теңіздерінің оңтүстік жағалауында, Оңтүстік Азияда қыстайды. Бірқазан 3-4 жасында жұмыртқалай бастайды. Судың тереңірек жеріне салған көлемді ұяларына бір – бес жұмыртқа салып, оны қоразы мен мекиені жұптасып басып, отыз – отыз бес күнде балапандарын өргізеді. Балапандары жетпіс – жетпіс бес күн өтісімен ұядан ұшады. Бірақ мына балапанның уақыты жеткенімен әлі ұша алмайды екен.

 

Равиль Рязапов, “Қызылжар оранжереясы” МКҚК бас агрономы:

– Бір жасқа толмаған бірқазанды 1 апта бұрын қаламыздың бір тұрғыны әкеп берді. Бұл құс қараша айында үйірімен ұшып кетуі керек болатын, соған қарағанда бұл балапанды кеш басылған ба деп жорамалдап отырмын. Ветеринарларға тексерттім, денсаулығы жақсы, тәулігіне 5 кг балық жейді.

 

Республикамызда бұл құстың 4 мыңдайы ғана ұялайды.

 

Равиль Рязапов, “Қызылжар оранжереясы” МКҚК бас агрономы:

-Бірқазандар – өте сақ және батыл құс. Жауынан жақсы қорғана да біледі. Мәселен, жараланған құс қанатымен, тұмсығымен адамды ұрып, оған әлі жеткенше айбат шегеді.

 

Салмағы 13 кг дейін жететін алып құс жер бетінде теңселіп ауыр қозғалады. Өзінің алыптығына қарамастан бірқазандар ұшатын кезде жүгірмей – ақ аспанға тез көтеріледі. Суда жақсы жүзеді, бірақ сүңги алмайды, жемін суға басы мен мойнын батырып жіберіп ұстайды. Аяқтары қысқа, қанаттары ұзын 60 – 80 см және жалпақ, ал қауырсындары күміс түсті болып келеді.

Бірқазан – жыл құсы, наурыз айында ұшып келіп, өніп-өсіп, қараша айында жылы жаққа ұшып кетеді.

 

Берік Қасен