Қоғам

Күзгі әскер қатарына шақыру науқаны басталды

 

Отан алдындағы міндетін өтеуге бұл жолы 50 солтүстікқазақстандық аттанбақ. Олар арнаулы орта, ЖО орындарында техник, байланыс-операторы, бағдарламашы мамандықтарын бітірген жігіттер. Осы білімнің арқасында олар 1 жыл әскери борыштарын өтегеннен кейін, аталған салада жұмыс істеуге қалуларына болады. Ақжар ауданының тұрғыны Дамир Құнанбаев та әскер қатарына шақырту алған. 20 жастағы техник-инспектор әскерде келісім-шартпен қалып, еңбек етсем дейді.

 

Дамир Құнанбаев, әскер қатарына шақырылушы:

-Қазақстанның кең байтақ жерін, ғасырлар бойы қалыптасқан еліміздің ауызбіршілігін, біртұтастығын қорғау әрбір ҚР азаматының борышы деп санаймын. Осы жерде мен Президентім, елім артқан сенімді ақтаймын. Отан алдындағы борышын өтеуде барлық жауынгерлерге сәттілік тілеймін.

 

Ал, ата-аналары ұлдарын жауапты сапарға шығарып салуға келген. Олар балаларының отан алдындағы азаматтық борыштарын адал атқаратынына сенімді.

 

Сабыржан Келдібаев, әскер қатарына шақырылушының ағасы:

– Бүгін бауырым әскерге кетіп бара жатыр. Аман-сау барып келсін. Ілгері-кейінгілердің жолын берсін. Отарға кетіп бара жатыр, қазір енді 1-ақ жыл ғой. Біз өзіміз 2 жыл борышымызды өтедік. Отанымызға тиыштық беріп, үйге аман-сау оралуға жазсын.

 

Әскер қатарына шақырылушылар алғашқы 6 ай бойы Жамбыл облысының Гвардейск кентіндегі әскери бөлімшеде оқу-жаттығудан өтпек.Одан кейін ғана әскери құрылымдарға бөлінеді.

 

Бағлан Қалдықараев, Гвардейск кентіндегі әскери бөлімшенің өкілі, Жамбыл облысы:

-Осы Солтүсті Қазақстан, Петропавл қаласының туын биікке көтересіңдер деп ойлаймын. Барлығың әке-шешелеріңнің ақ сүтін ақтап, осы алдағы мақсаттарыңды орындап, үйлеріңе аман-есен оралуларыңа тілектеспін.

 

Жалпы күзгі әскер қатарына шақыру науқанында өңірімізден 500-ге тарта сарбаз еліміздің қарулы күштерінің қатарын толықтырады деп күтілуде.

Олар арнайы талаптар бойынша іріктеліпті. Бұл тұста болашақ сарбаздың спорттық дайындығы мен білімі де ескерусіз қалмақ емес.

 

Еркінбек Байболов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бөлімінің жетекшісі :

– Іріктелген болашақ сарбаздардың барлығы физикалық, моралдық жағынан мықты. Олар бүгін түнде Жамбыл облысындағы Гвардейск кентіне аттанады. Техникалық білімі бар сарбаздардың көпшілігі келісім-шарт бойынша әскерде қаламын дегендер.

 

Берік Қасен