Спорт

Еркін күрестен өткен ел чемпионатынан – бес алтын

 

 

Облыс намысын қорғаған Ұлбике Қасымбекова қарашаның 5-8 күндері Түркістан қаласында өткен ел чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Бүгін жеңімпаз қызды байрақты бәсекедегі жеңісімен құттықтауға Қызылжар ауданының әкімі арнайы келіпті.

Турнирге еліміздің әр өңірінен ең мықты палуандар жиылыпты. Бірінші, екінші айналымда жерлесіміз Алматы, Қостанай қалаларының спортшыларымен күш сынасса, ақтық кездесуде шымкенттік палуанды айқын басымдықпен ұтқан екен.

Ұлбикенің осы спорт түріне ден қойғанына 3 жылдай болыпты. Спортқа деген қызығушылығы мен бапкерлерінің тынымсыз дайындығының арқасында ол Қазақстанның бірқатар қалаларында өткен турнирлерге қатысып үлгерген.

 

Ұлбике Қасымбекова, еркін күрестен ел чемпионы:

– Мен күреске 5-сыныптан бастап қатыстым. Маған күрес өте қызық болды. Мен көптеген жарыстарға бардым: Көкшетау, Талдықорған, Қарағанды. Мен Түркістанға барған кезде қарсыласым мықты болды.

 

Ұлбикенің үлкен жеңісіне ата-анасы қатты қуанды. Сыныптас достары да спортшының мерейі үстем болса дейді.

 

Қуатбек Бақтыбаев, Ұлбикенің әкесі:

-2008 жылдан бері спортпен айналысып келеді. Аллаға шүкір Қарағанды, Алматы, Астана қалаларына барып жүлделі оралды. Бапкерлеріне рахмет.

 

Мейіржан Қабиев, Ұлбикенің сыныптасы:

– Ұлбике менімен бірге оқиды. Ол өте жақсы оқиды. Ол әр-түрлі іс-шараларға,күреске қатысады. Оқуға да, бәріне үлгереді. Біз оны жарысқа кеткенде қолдап отырамыз.

 

Жас чемпионды алдағы уақытта Ресей елінде, келер жылы Қытайда еркін күрестен 97-98 жылғы жасөспірімдер арасында өтетін олимпиада күтіп тұр. Жаттықтырушылары спортшының Қазақстан туын көкке желбірететініне сенімді.

 

Бақыт Сәдуақасов