Спорт

Волейболшы қыздар ел чемпионатынан жеңіспен оралды

 

Қыздар арасындағы волейболдан өткен күзгі республикалық чемпионатқа өңірден жас ерекшелігі бойынша 2 құрама қатысқан. 12 -16 жас аралығындағы жасөспірімдерден құралған команданың әрбірі 11-12 ойыншыдан жасақталыпты. Жақсы дайындықтың нәтижесінде волейболшы қыздарымыз еліміздің әр шетінен жиналған мықты командалар арасынан топ жарып, екі құрама да 1 орынға ие болды.

 

Азамат Оралов, Облыстық дарынды балаларға арналған спорт интернатының волейболдан жаттықтырушысы:

– Жарысқа ересектер тобынан 15 команда, ал кіші топта 14 құрама қатысты. Облыстық команда сапына ең мықты деген ойыншыларды таңдадық. Үстіміздегі жылы спорт мектебінде волейбол бөлімшесі ашылды. Бұл біздер үшін маңызды, өйткені, нақты осы спорт түріне көңіл бөлуге мүмкіндік туды. Қазірде күніне 3 рет жаттығудан өткіземіз.

 

Облыс құрамасына алынған қыздардың дені – аудан көлеміндегі тартыстарда жеңіске жеткен мықты волейболшылар. Ересектер құрамасына кірген Аида Әлімжанова спорттың осы түрімен 3 жылдан астам   айналысып жүр. Мектеп оқушысының шебер ойынын аудан бапкерлері байқап, оны спорт мектебіне жолдаған екен. Қазір ол команда құрамындағы белді ойыншының бірі.

 

Аида Әлімжанова, волейболшы, Тимирязев ауданы:

– Біз осы Алматы қаласында өткен жарысқа бардық “Қуаныш СК” командасы. Біз ол жаққа 2 командамен бардық. Финалда біз Теміртау және Павлодар облысымен кездестік. Финал оңай болған жоқ. Біз олармен күштестік, жеңдік.

 

Осы күні волейболшы қыздар алдағы қысқы республикалық чемпионатқа дайындық үстінде. Жаттықтырушылар тәрбиеленушілерінің осы жолы да жеңіске жететініне сенімді.

 

Бақыт Сәдуақасов