Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан және Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығына арналған кезекті форум Екатеринбургте өтті

 

 

Екі ел өңірлерінің әлеуетін біріктіруге Қазақстан да, Ресей де бірдей мүдделі. Соңғы он жылдан бері аймақаралық форум бір үзілген жоқ. Бұл жолы Екатеринбургтегі 10-шы мерейтойлық форумда қазақ жағы – 15, көрші де теңдей қылып 15 кәсіпорнын атап әкеліп, көрмені бірігіп тікті. Екі жақтан үш мың адам жиналды. 200 кәсіпкер іскерлік форумда бас қосып, саудаға не кедергі, енді қайтпек керек деп ақылдасты. Алқалы жиынға Солтүстік Қазақстан атынан облыс әкімі Самат Ескендіров бастаған делегация қатысты. Екі елдің саудасы өткен жылы 24 млрд. долларды құрады. Соның 70 пайызы аймақтардың еншісіне келеді. Ал, аймақтардың арасындағы әріптестік бірыңғай кеңістік аясында қабыса түсті. Ресейге экспорт өткен жылы төрт млрд. шамасында болса, импорт 11 млрд құрады. Ортақ кеңістігі бар екі экономиканың да өрістеуі өндірістерді мейлінше ірілендіруде жатыр. Сондықтан мерейтойлық форум өңірлер арасында өндірістік кооперацияны жеделдетуге арналды. Қазақстан қазір мұндай ірі кооперацияларды көлік өндірісі, тау-кен саласы, химия, уран өндірісінде құруға әзір..

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

Форумның негізгі бөлігі кооперациялануға арналады. Қазақстан осындай елу өндірістік жобаны жүзеге асыруға алты млрд доллар жұмсағалы отыр. Біз қазір энергетика, ауылшаруашылығы , көлік саласында идеяларды қолдауға әзірміз.

 

Владимир Путин, РФ Президенті:

Соңғы он жылда тауар айналымы төрт есе өсті. Қазақстанға құйылған инвестиция бірден қырық пайызға артып отыр. Енді бізге өндірістік әріптестіктің жаңа заманауи формалары керек.

 

Қазақстан мен Ресей арасында екі жүздей аймақаралық келісім жасалған. Бірақ сол құжаттардың бәрінен 21 ғасырдағы тату көршілік және одақтастық жөніндегі келісімшарттың арқалаған аманаты бөлек. Қазақ пен орыс жәй көршілер емес, әріптес, мүдделес, бірақ бәрінен бұрын дос деген ниеттерін түйіндеп, тараптар тағы бір үлкен құжатқа сыйдырды. Форум аясында мемлекеттік деңгейдегі алты құжат, өңірлердің өз арасында тағы да дербес үш құжат бекіді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысы бар.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Форум аясында өткен көрменің қорытындысы бойынша бірқатар келісімге қол қойылды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресейдің ірі кәсіпорындарының бірі «Автоматика» ғылымиөндірістік ұйымы арасында энергияны үнемдеу туралы келісім жасалды. Бүгінгі күні Елбасы энергияны үнемдеу, жасыл экономикаға көшу мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Сондықтан бірінші кезекте біздің кәсіпорындардың энергоаудитімен мықты фирма айналысқанын қалаймыз. Сол себепті осы «Автоматика» кәсіпорнына таңдау түсті. Ендігіде бұл өзара тиімді әріптестік орнатуға септігін береді деп сенеміз.

 

Келесі аймақаралық форум Қазақстанда өтетін болды.

 

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі