Қоғам

Петропавл мектептерінде патриотизм сабақтары өткізілуде

 

 

Мектеп оқушыларына көрсетіліп жатқан деректі фильм ержүрек сарбаз Ербол Отарбаев жайлы. Ол Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүргенде жасаған көзсіз ерлігі үшін халқының ыстық ықыласына бөленіп, Елбасы Н. Назарбаевтың қолынан ҚР  ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алған.

Еске сала кетейік, 2010 жылы 22 маусымда таңғы сағат 5-те  бір топ қылмыскер қатаң тәртіптегі Ақтау колониясынан қашқан болатын. 21 тұтқын күзетте тұрған ішкі әскер сарбаздарына қарсы оқ атады. Ербол сол кезде иығынан жараланса да, бірнеше оқ атып, үш қашқынның көзін жойған.

 

Ербол Отарбаев, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, ҚР ІІМ әскери институтының курсанты:

-Бізді ең бірінші постқа шығардың алдында психология жөнінде тәрбиелейді. Өйткені, тосын уақытта адам ойланып қалса, тұрып қалады. Адам өлтіру де оңай емес. Адам қолына қару ұстағаннан кейін міндет жүктеледі. Мен сол міндетімді атқару үшін өзімнің өмірімді қиюға да дайын болдым. Өйткені, қанды қол қылмыскерлер бір адамды, болмаса бір отбасыны жылатып, сотталып отыр.

 

“Жау жоқ деме, жар астында” – демекші, кейін анықталғандай, қамаудағылар дәстүрлі емес салафизм ағымын ұстанушылар болып шығыпты. Ербол Отарбаевтың атасы ҰОС-ң ардагері. Ерболдың қанындағы жауынгерлік рух атасынан берілсе керек.

 

Ербол Отарбаев, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, ҚР ІІМ әскери институтының курсанты:

– Осы іс-шараны әлі алға қарай тарту керек деп ойлаймын. Отанымыздың келешегі бүгінгі жастардың қолында. Баланы бастан дейді. Баланы бесіктен қалай өсірсе, солай қалыптасады. Мен үйдегі ең кенжесімін, үйдің еркесі бола тұра  Отан алдындағы борышымды кіршіксіз орындау арманым болды. Осы әскери өмірді де жалғастыру ойымда бар. Ол әр адамның тағдырына байланысты. Мені кішкентайымнан әжем өсірген. Атамның соғыстағы ерлігі үшін алған медальдарын қолыма алып, кеудеме салып көрдім. Сол кездегі арманым елдің даңқына, абыройына іліксем деп ойлағам.

 

2010 жылы 22 маусымда қылмыскерлер тобының жолын кескен кезде Ербол Отарбаев Ақтаудағы Ішкі әскердің қатардағы жауынгері болатын. Оның бұл батылдығы бірден бүкіл елге тарады. Қазірде Ербол Отарбаевты сарбаздар, оқушылар үлкен құрметпен қарсы алып, сол кездегі ұмытылмас оқиғаны ұйып тыңдады.

 

Зарина Макшаева, қалалық №20 орта мектеп оқушысы:

-Ол сотталғандар бейбіт тұрғындарға көптеген қиыншылықтар әкеледі деп ойлаған. Халқына жақсы әсерін  тигізу үшін, қиын жағдайда ол қашқындарға оқ атуға мәжбүр болды. Ол біз үшін үлкен ерлік көрсеткен адам, батыр, қайсар адам деп айтуға болады.

 

Нариман Сағындықов, қалалық №20 орта мектеп оқушысы:

– Оның ерлігі біз үшін үлкен үлгі, Мен өскенде осындай адам болғым келеді. Үлкен сарбаз болғым келеді.

 

Жастар арасында ұлтжандылық сезімін дамыту, діни ағымдарға үздіксіз тосқауыл жасаудың бірден-бір амалы – осындай үлгі тұтар тәрбиелік сабақтарды ұйымдастыру. Өнегелі ісмен кішіге үлгі болар азамат қаланың өзге де білім ошақтарын аралап, бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатқан бақытты ұландармен кездеспек.

 

Берік Қасен