Денсаулық сақтау

Өңірдің денсаулық саласын дамытуға биыл 20 млрд теңге бөлінді

 

Денсаулығы мықты халқы бар елдің өзі күшті. Бұл қағиданы жүзеге асыруда “Саламатты Қазақстан” бағдарламасына жүк артылуда. Отандық жоба өңірімізде де сәтті жүзеге асып жатыр. Осының арқасында әр тұрғынға шаққанда жылына жұмсалатын шығын 32 млн. теңгеге жетіпті. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 17 есеге аз болған. Биыл облысымыздың денсаулық сақтау саласына ел қазынасынан 20 млрд. теңге құйылыпты. Оның бір бөлігі емдеу мекемелерінің материалдық қамтылу жағын жақсартып, озық үлгідегі технологияны ендіруге бағытталды.

 

Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл облыстық балалар ауруханасы соңғы үлгідегі томогрофпен толықты. 1-ші қалалық аурухана, Перинаталдық және кардиология орталықтарында қондырғылар жаңартылды. Соңғы кездері қан орталығы, 3-ші қалалық емхана мен 2 ауданаралық түберкулезге қарсы күрес диспансері қолданысқа берілді. Қазір 4 аудан орталығында емханалар салынып жатыр.

 

Барлығы 28 аурухана, 77 дәрігерлік, 53 фельдшерлік амбулатория, 477 медициналық пункт халық игілігіне жұмыс жасауда. Емдеу мекемелерінде 1,5 мың дәрігер мен 5 мыңнан артық орташа медицина қызметкері кәсіби көмек көрсетеді. Елбасының енді бір жүктегені – маман тапшылығын шешу жолдарын қарастыру.

 

Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірдің емдеу мекемелерін мамандармен қамту 2,4 пайызға артты. Әрине бұл бар қажеттілікті жаппайды. Биылдың өзінде 101 жас маман келді. Әрбірі көтермеақы алды. Жұмыс беруші мекеме тұрғынжаймен қамтиды, пәтер жалдап тұратындарының шығыны толықтай мемлекет есебінен өтеледі.

 

Дәрігерлер сұранысын қысқарту мақсатында орташа медициналық қызметкерлер қайта оқытылуда. Мәселен, шетелде жоғары санатты медбике түсінігі қалыптасқан. Елімізде де бұл тәжірибені енгізу жолдары қарастырылуда. Өйткені науқастың толық айығуы алғашқы медициналық жәрдемнің қаншалықты сапалы көрсетілетініне тікелей қатысты екен.

 

Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Павлодар мен біздің облыста емханаларда кәсіби көмек көрсету жөнінен пилоттық жоба қолға алынды. Оның аясында дәрігер, медбике, әлеуметтік қызметкер мен психологтан тұратын арнайы топтар жасақталды. Олар созылмалы ауруға шалдыққандардың сырқатын зерттеп онымен тиімді күресу жолдарын іздейді. Жаңашылдық әр науқасқа жалпы көмектен бөлек, жіті қаралуына мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ медициналық қызметтің жеделдігін қамтамасыз етеді.

 

Ең дұрысы ауырып ем іздегеннен гөрі, сырқаттанбаудың жолын табу. Сондықтан өлкеде дерттерді ерте анықтауға ден қойылған. Бұл көрсеткіш 3,5 пайызға артқан. Ақ халатты абзал жандар қатерлі кеселге шалдыққандардың 3/2 өздерінің ауруы жайлы біле бермейді дейді. Денсаулыққа немқұрайлы қараудың салдарынан кесел асқынып кетсе, ем қондыру кеш болып қалуы мүмкін. Бірінші кезекте бағдарлама аясында жиі науқастанатын созылмалы ауруларға басымдық беріледі. Алдын-ала тексерістер тек онкологиялық дерт енді тарай бастаған 746 адамды анықтаған. Бұл уақытында шипа жасауға жол ашты.

 

Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы өлім-жітім 2 пайызға қысқарды. Туберкулезден көз жұматындар 19 пайызға азайды. Сәбилердің шетінеуі 6 пайызға кеміді. Ана өлімі мүлдем тіркелген жоқ. Бұл ауруды ерте анықтаудың нәтижесі.

 

Жыл басынан ғана солтүстікқазақстандықтардың 47 пайызы скринингтік тексерістерден өтіпті.

 

Жеңіс Ермұқанов