Энергетика

Энергетиктер биыл Петропавл жылу желілерін жаңғыртуға 1,2 млрд теңге жұмсады

 

Абай көшесі бойындағы №2  жылу магистраліндегі қалпына келтіру жұмыстары ағымдағы жылдың 13 мамырында басталыпты. Абай көшесі бойындағы бұл магистралдағы жөндеу екі кезеңге бөлінген. Алғашқысының ұзындығы 1800 метр. Ол Алматы, Горький, Алтынсарин көшелеріндегі сорғыш бекеттер мен жылу камераларын қамтып, 314 атқыштар дивизиясы көшесіне дейін жалғасқан. Оған 355 млн теңге жұмсалыпты. Бұл аралықтағы жөндеу жұмыстары бүгінгі күні 100 пайызға орындалған. Екінші кезеңі 2014 жылы қолға алынбақ.

 

Игорь Осняч, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

Келесі жылы біз бұл көше бойындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Оған инвестициялық бағдарлама және Европалық қайта құру және даму банкінің несиесі арқылы бөлінген қаржыға жөндемекпіз. Жалпы құны 369 млн теңгені құрамақ. Солай біз апаттардың санын азайтып, берілетін жылу сапасын арттырмақпыз.

 

Бұдан өзге жылыту трассаларын қайта құру және құбырларда оқшаулау жұмыстарын жүргізу шаралары аясында бірнеше участокта таратушы желілер алмастырылуда. Жалпы айырбасталуы тиіс жүйелердің қашықтығы 1,563 шақырымды құрап отыр. Сондай жұмыстар жасалған жерлердің бірі Абай көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі аралық. Бұл жұмысқа кәсіпорын 118 млн теңге жұмсапты.

 

Игорь Осняч, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

Бұл шаралар жөндеу орын алған жерлерде апат санын азайтуға септеседі. Бұдан өзге ол жылу шығынын кемітеді.

 

Баспасөз турына қатысушылардың ат басын бұрған келесі нысаны Брусиловский көшесі бойында орналасқан жылу пункті болды. Бұл жерде жылу энергиясын есептеудің автоматтандырылған жүйесі орнатылған. Ол қызметкерлердің көмегінсіз- ақ орталыққа көрсеткіштерді беріп отырады. Жалпы «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің балансында 231 шақырым жылу трассасы мен 52 құбыр стансасы бар. Биылғы жылы ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына кәсіпорын 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы жұмсаған.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

Жасалған жұмыстар ысыраптарды азайту тұрғысында істеліп жатыр. Инвестициялық бағдарлама қаржысы мен Европалық қайта құру және даму банкінен алған несие арқасында 2011 жылдан бастап ауқымды жұмыстар қолға алынған.

 

Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы жылыту жүйесінің 70 пайызы тозған. Оны кеміту үшін жыл сайын 20 шақырым желі ауыстырылуы қажет. Өкінішке қарай энергетиктер ол көрсеткішке әлі жете алмай отыр. Биылғы жылы тек 10 шақырым желі жөндеу көзделген.

 

Мағжан Ахмадина