Денсаулық сақтау

Тұмаудың алдын алу қажет

 

 

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Осы қағиданы ұстанған Любовь Савченко бүгін ауруханаға алғашқылардың бірі болып жеткен. Тұңғышына аяғы ауыр болғанда екпе жасамаған. Ал екінші жүктілігі кезінде дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, тұмауға қарсы вакцина алуға келген.

 

Любовь Савченко, болашақ ана:

– Дәрігерлер ешқандай ауру, жағымсыз әсері болмайды деді. Жүктіліктің 7-ші айындамын. Босанатын мезгіл қыс уақытына келіп тұр. Сондықтан аурулардан балам мен өзімді қорғауды жөн санап отырмын.

 

Жалпы қала бойынша тегін вакцинация 24 мыңнан астам жерлесімізге қарастырлған. Қазіргі уақытта 21 мың 529 адам екпе жасатқан. Ақ халатты абзал жандар бұл шараны әсіресе қазан, қараша айларында өткізген дұрыс дейді. Әсіресе, жүкті жандар аталған сыртқаттан сақтанып жүруі керек.

 

Лариса Баранова,Облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:

-Тұмау жүкті әйелдер үшін қауіпті. Біріншіден ол нәрестеге әсер етеді. Көбіне нәзік жандылар қызу көтерілу, тамақ ауруы сынды тұмаудың алғашқы белгілерін өздері емдеуге тырысады. Бірақ құрсақ көтерген әйелдер міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс. Жалпы ауырмау үшін вакцина қойдырту керек. Ал көптеген жүкті жандар одан қорқады. Дәрмектің еш зияны жоқ.

 

«Ваксигрипп» препараты 500-ден астам жүкті әйелге қойылуы тиіс. Алайда осы уақыт аралығында олардың 321-і ғана тегін егуден өткен. Бұдан өзге мүгедектер мен зейнеткерлер ақысыз қызметті пайдалана алады. Ал сақтықта қорлық жоқ деп вакцинаны ақылы алғысы келетіндер үшін француздық дәрмектің құны 2059 теңгені құрайды.

 

Мағжан Ахмадина