Мәдениет

Облыстық филармония өнерпаздары 2 бірдей айтулы байқаудан олжалы оралды

 

Шығармашыл жастардың халықаралық “Шабыт” фестивалі осымен 16-шы рет өткізілді. Оған өңірден жалғыз “Әлқисса” фольклорлық ансамблі ғана қатысқан. Өнер  ұжымы “Халық музыкасы” аталымы бойынша бірнеше шығарманы халық аспаптарында шебер орындап, 2-ші дәрежелі лауреат атанған.

Ансамбль 40 өнерлі жанды біріктірген. Олар домбыра, шертер, қобыздың бірнеше түрі, сазсырнай, жетіген, дабыл сияқты ұлттық халық аспаптарында ойнайды. Жақында Мәскеуден арнайы тапсырыспен жасалған домра-альт пен домра-прима аспаптары келген. Руслан Асылханның “Әлқисса” ансамблінде жүргеніне 3 жылдың жүзі болған. Домбыра, шаңқобыз, дабылдың тілін жақсы білетін дарынды жас мұндай байқау өнеріміздің ұшталуына жол салады дейді.

 

Руслан Асылхан, “Әлқисса” фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртісі:

– «Халық музыкасы» номинациясы бойынша 8 ансамбль қатысты. Солардың ішінен біз 2-ші орынды жарып шықтық. Қатысқан ұжымдардың деңгейлері жақсы. Біздің номинацияда 7-еуі Қазақстаннан, 1-еуі Татарстаннан келді. Бас жүлдені Астана қаласы алды. 1-ші орынды Алматы, 2-ші орынды біз, 3-ші орынды Татарстан алды. Конкурста халық музыкасы, заманауи әрі шетел композиторларының күйі болды. Жан-жақты болды.

 

“Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров   Атырау өңірінен жүлдемен оралды. Жерлесіміз Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Сейілхан Құсайынов атындағы дирижерлар байқауында бақ сынаған. 4 облыстан 8 үміткер қатысқан бәсекеде Қайырлы Ғафуров 2-ші орынға қол жеткізді. Бұл байқау елімізде 1-ші рет ұйымдастырылған.

 

Қайырлы Ғафуров, “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі:

-Жалпы енді кәсіби шеберлікке көп көңіл бөлінді. Қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов төрағалық етті. 2 кезеңдік байқауда алуан түрлі шығармалар ойналды. Бұл жерде тек қана берілген шығарма ғана емес, оның арасында оркестрмен шертпе күй орындалды. Кейін көлемді, вокальдық шығармалармен қоса шетелдік композиторлардың туындыларын орындадық.

 

Әріптестерінен шеберлік сабағын алған дирижер Қайырлы Ғафуров келешекте “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптары оркестрін жаңа қырынан көрсетуді жоспарлаған.

 

Берік Қасен