Қоғам

Мемлекеттік қызметке – есік ашық

 

Мемлекеттік қызметке тұруға ниет танытқандар алдымен тест тапсыруға міндетті. Сынақ 45 сұрақтан тұрады. Оның ішінде еліміздің негізгі заңнамалары мен қазақ тілін білу деңгейі тексеріледі. Олеся Колмагорова да мемлекеттік қызметке араласуға бел буған. Ойын жүзеге асыру үшін алдын-ала дайындық сауалдарына жауап тауып көруді жөн санапты.

 

Олеся Колмагорова, мемлекеттік қызметке үміткер:

– Негізгі тесті тапсырмас бұрын деңгейімді сынау дұрыс болады деп шештім. СҚО мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттегі ашық есік күнін пайдаланып, сынақтан өттім. Дайындығым көңілімнен шықты. Алда әлі үлкен емтихан тұр. Сүрінбеуге тырысамын.

 

Жалпы жыл басынан мың жарымнан артық жерлесіміз мемлекеттік қызметке орналасу үшін тест тапсырыпты. Олардың тек 54 пайызы ғана сынақтан мүдірмей өткен. Діттегеніне жеткендері жарты жылдың ішінде кәсіби шеберлігін шыңдауы тиіс. Былтырлары қызметке орналасқандарға 3 ай мерзім берілетін. Арнайы курстар мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктіліктерін көтеруге бағытталған өңірлік орталықта оқылады. Мұнда тыңдаушыға заман ағымына сай құрастырылған бағдарламалар ұсынылған. 240 сағаттық шеберлік сабақтарына лауазымды қызметке жаңадан тағайындалғандармен қатар тәжірибелі мамандар да қатысады.

 

Лидия Губарева, СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру аймақтық орталығының оқытушысы:

– Орталықта сараптама бөлімі жұмыс істейді. Біз әрдайым оқыту бағдарламасын жетілдіріп, жаңа әдістемелік құралдарды пайдаланамыз. Тыңдаушылардың басқару мәдениеті мен жеке қасиеттерін, іскерлік мүмкіндіктерін ашуға тырысамыз. Әлеуметтік, этникалық және кәсіби мәселелерді бір жолға қойдық. Жұмысы бастан асатын лауазымды қызмет иелеріне психологиялық күйзеліске ұшырамаудың жаңа жолдарын ұсынамыз.

 

Бағдарламада дәріс оқу, тренинг пен іскерлік әдістер қарастырылыпты. Теориядан кейін курс  тыңдаушылар оқып-түйгенін тәжірибе жүзінде сынайды. Биыл жаңадан тағайындалған 37 ауылдық округ әкімі біліктілігін арттырған.

 

Татьяна Лебедева, СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру аймақтық орталығының директоры:

– 2014 жылдың бірінші тоқсанынан селолық округ әкімдерін оқытатын типтік бағдарлама енгізіледі. Онымен ауыл басшылары жаппай қамтылады. Жаңа әдістеме 80 сағатқа шақталған. Сабақтар модульді түрде өтеді. Әкімдер қызметтік міндеттері бойынша жоба жазуға міндеттеледі.

 

Өткен 10 айда өңіріміздің 1388 мемлекеттік қызметшісі білгеніне білім қосып қайтты.

 

Жеңіс Ермұқанов