ТКШ

Абаттандыру шаралары бүтін бір жеке сектор тұрғындары үшін проблемаға айналып отыр

 

Артық қыламынн деп тыртық қылған. Енді жеке сектор тұрғындары үшін суға барудың өзі қиямет-қайымға айналған. Суы ұзақ уақыт тартылмай, маңайды ластап тұратын мына көше тұрғындары қалпына келтірілген суағарларға қуана алмай отыр. Керісінше ол баспана иелерінің бас ауруына айналды.

 

Надежда Гущина:

– Бізде қар мен жаңбырдың суы үнемі аулада тұрады. Өйткені ағып кететін жері жоқ. Ал мына суағарлар керісінше онсыз ешқайда кетпейтін суға тіпті бөгет болды. 2 жұма болды, осылай тұрғанына. Ешбір тосқауыл, плита қойылмаған. Барлығы көктемге дейін қалып қояды деп қорқамыз.

 

Тұрғындар бәріне жөндеу жүргізген құрылысшыларды кінәлап отыр. Олар жұмысқа салғырт қарап, арзан материалдарды пайдаланған деседі.

 

Надежда Гущина:

– Ешбір тексеру, қадағалау болмады. Ондайда әрине барлығын қалай болса, солай істей салды. Құрылыс саласынан алыс болсам да, мыналары ешбір ережеге сай келмейтінін айта аламын. Суағарлар өте биік.

 

Ал тұрғындар үшін кіреберіс жолдарын жасап беру қызметі ақылы болып шыққан. Бір плита тегін орнатылса, қалғандары үшін ақша төлеу қажет.

 

Надежда Гарчева:

– Мен олардан плитаны қашан қоясыздар деп сұрадым. Олар 2 күннен кейін деді. Сөйтіп, жалғыз қондырғыны ғана орнатты, ал екіншісін 19 мың теңгеге сатып алыңдар дейді. Менің осыған дейін өз плитам болған, оны алып кетті. Мыналар мүлдем ыңғайсыз.

 

Мәселенің мән-жайын тұрғындар қалалық әкімдікте білмек болған. Алайда еш нәтиже жоқ. Түйінді тарқату үшін біз де тұрғын үй-коммуналдық шаруашылғы бөлімінен жауап алмақ болғанбыз. Бірақ мұндағылар тек жазбаша түрде түсінік берді.

«Казахстанская правда көшесінде суағарларды жөндеу жұмыстары мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжат бойынша жүргізілуде.»

Құрылысқа жауапты мердігер компания- «Миг» ЖШС. Кәсіпорын басшысының айтуынша, қазір жобаны жөнге келтіру жұмыстары қолға алынған.

 

Григорий Сергеев, «Миг» ЖШС директоры:

– Кіреберіс жолдар ыңғайсыз болғандықтан, қазір біз жобаны өзгертіп жатырмыз. Қандай үйге қанша плита керек екенін сұрастырып, есептеп, соған сай өзгертпекпіз. Содан кейін плита алған барлық тұрғындарға ақшаларын қайтарып береміз.

 

2-ші Первомай мен Сейфуллин көшесінің тұрғындары да осындай күй кешкелі отыр. Олар қазірдің өзінде көктемде су астында қаламыз деп алаңдаумен отыр. Өйткені, Жұмабаев көшесінің бойындағы жөндеу жұмыстарының кесірінен бұл жерлердегі жолдар қопарылып, онымен қоса суағарлар да жермен жексен болған.

 

Людмила Шеломенцева:

– Екі аптадан бері бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Әкімдіктің диспетчерлік қызметіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне де күн сайын бірнеше реттен қоңырау шаламын. Тастеміров деген мырзаға хабарлассам, ол ылғи да болмай шығады. Біреу алса, мүлдем аты-жөнін айтпайды. Бізге суағарларды 2014 жылы жазда істейді деп жауап қатты. Оған дейін көктемде су астында қалатын болдық.

 

Жығылғанға жұдырық демекші, аудан тұрғындары бұл маңайда электр қуаты жиі өшіп қалатынына шағымдануда.

 

Надежда Валова:

– Күн сайын таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін жарық болмайды. Көшеде де жарық жоқ. 8-де жұмысқа бара жатқанда қараңғы, келе жатқанда тағы солай. Жұмысқа бара жатқанда резеңке етік киіп шығамын. Асфальтқа шыққасын ауыстыруға тура келеді. Өркениетті елде тұрып жатырмыз, 21- ші ғасыр дейміз, қайда соның бәрі. Қаланың өзінде тұрып осындай жағдайға душар болдық.

 

Талай мекеменің табалдырығын тоздырған аудан тұрғындары жағдай оңалмаса, ереуілге шығамыз деп ашынып отыр.

 

Мағжан Ахмадина