Бизнес және экономика

Теңгенің мерейтойына арналған салтанатты жиын

 

 

Тарихи деректерге жүгінсек, еліміздің аумағындағы алғашқы күміс тиын 15 ғасырда пайда болған екен. Отырар қаласында «таньга» деген атпен құйылған монета бүгінгі теңге атауының шығуына себепкер болған. 1993 жылы егеменді елдің ұлттық валютасы айналымға енді. Осылайша төл теңгеміздің шежіресі бастау алды. Содан бері ел экономикасы тұрақтанып, өзінің дербес қаржы жүйесін қалыптастырып үлгерді.

Ел экономикасы өскен сайын теңгенің дизайны сан мәрте өзгерді. Қорғаныш қабілеті артып, сапасы жақсарды. Қазақ елінің ақшасы әлемдегі тұрақты валюталардың бірі болып саналады екен. Бұның барлығы тәуелсіздік жемісі. Өңіріміздің қаржы жүйесін нығайту үшін елеулі үлес қосқандардың еңбегі елеусіз қалмақ емес. Бұл салада көп жылдан бері аянбай еңбек етіп келетіндер жиында түрлі марапатқа ие болды. Айдарбек Сапаров бір топ қаржы саласының қызметкеріне облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хат табыстады.

 

Салтанат Мамықова, “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ маманы:

– Бүгінде табысты жұмыс жасауымызға бар жағдайлар жасалынған. Бүгін өңірлік өкілдікте ғана 12 мыңға тарта салымшы тіркелген. Әрбіріне жіті қарауға тырысамыз. Еңбегім бағаланғанына қуаныштымын. Сенімді әлі талай ақтайтын боламын.

 

Кәсіби мереке қарсаңында үздік менеджер байқауының жеңімпаздары анықталып, құрметке бөленді. Сондай-ақ оқушылар арасында жарияланған «Теңге – дербестіктің кепілі» шығармалар байқауының үздіктері де марапатталды.

Бүгінде өңірімізде 18 екінші деңгейлі банк филиалы жұмыс істейді. Олар  жыл басынан ғана 78 млрд. теңгенің несиесін рәсімдепті.

 

Жеңіс Ермұқанов