Бизнес және экономика

Петропавлда маусымдық сүт тапшылығы сезіле бастады

 

«Молсервис» ЖШС-нде орнатылған мына қондырғылар күніне 6,5 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Алайда қазір бұл көрсеткіштер сәл төмендеп қалған. 20 жылдан астам тарихы бар серіктестік жылда күн суыта шикізаттан тапшылық көреді. Жаз мезгілінде кәсіпорын күн сайын 20 тоннаға жуық сүт қабылдаса, қарашада ол көрсеткіш 2 есеге қысқарады екен.

 

Сергей Чепурко, «Молсервис» ЖШС директоры:

-Кәсіпорында айтарлықтай үлкен мәселелер жоқ. Десе де біз үшін қыс мезгілі сәл қиындау. Өйткені сүттің 50 пайыздан астамын ауылдардан жинаймыз. Ал қыста сиырлар суалады. Сондықтан шикізаттан тапшылық көреміз.

 

Қазір кәсіпорын сүт өнімдерінің 12 түрін шығарады, мұның барлығы Италия, Франция елдерінен жеткізілетін заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүзеге асырылуда.

 

Анатолий Миронов, «Молсервис» ЖШС операторы:

-Ескі құрылғыны әр ауысым сайын қайта бұзып, жинап отыру керек болатын. Ал мынаны айына бір рет дұрыстап отырсаң болады, мына жаңа сепаратордың құны 7,5 млн теңге. Сүтті бұрындары 2-3 сағатта қайта өңдеуден өткізсек. Қазір бұл процедураны 1 сағатта жасап боламыз.

 

Кәсіпорын қазір өнімдерін шығару үшін құрғақ сүтті пайдалануда. Шикізат Ресей мен Белоруссиядан алынуда. Құрылғы серіктестік үшін қымбатқа түссе де, олар нарықтағы өз орнын жоғалтпақ емес. Ал қабылданатын нағыз құнарлы сүтке деген талап сол қалпы қалуда.

 

Елена Хуторная, «Молсервис» ЖШС зертхана меңгерушісі:

– Біз сүтті қабылдарда оның құрамын тексереміз. Өнімдеріміз таза сүттен жасалады. Еш қоспасыз. Сондықтан біз шикізатты қабылдауда ең алдымен зерттеп аламыз.

 

Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде кәсіпорын 3500 тонна сүт өнімдерін өндірген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 8 пайызға артық. Серіктестік өз өнімдерін аймағымыздан басқа Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарына жеткізеді.

 

Мағжан Ахмадина