14 ауылдық округі бар Айыртау ауданында 40 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2013 жылдың 10 айы ішінде 19 542 млн теңгені құраған. Аудан басшысы Ағзам Тастеміровтің сөзіне қарағанда ауданда тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржы 190 млн. теңге. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 160 пайызға артық. Аудан орталығы Саумалкөл ауылында жаңа «Бәйтерек» шағын кенті пайда болып, онда қазір 42 үй түтін түтетіп отыр. Жыл соңына дейін тағы да 8 отбасы қоныс аударады деп күтілуде. «Жол картасы- 2020» бағдарламасы бойынша биыл аудан орталығында 60 пәтерлі тұрғын үй тапсырылады. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуда да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Ағзам Тастеміров, Айыртау ауданының әкімі:
– 2013 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 723 млн теңге субсидия бөлінген. Оның ішінде 683 млн теңгеден астамы өсімдік, ал қалған сома мал шаруашылығын дамытуға қарастырылған. Ауданда асыл тұқымды ірі қараны дамытумен 2 серіктестік айналысады. Ал «Тамды» фермерлік шаруашылығында 48 бас түйе өсіріледі. Жаз мезгілінде одан шұбат өндіреді.
Облыс әкімінің қолдауымен 2013 жылы 145 шақырым жолды жөндеуге 635,8 млн. теңге бөлінген. Ал ауылдың ішкі жолдарын жаңалауға аудан қазынасынан 21,9 млн. теңге қарастырылыпты. Бұдан өзге ауданда Үдемелі индустриалдық инновациялық даму бағдарламасы бойынша жоба қолға алынған.
Ағзам Тастеміров, Айыртау ауданының әкімі:
– Ауданда жылына 6050 тонна қалайы өніруге қауқарлы «Сырымбет» тау-кен өндірісі кешенінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 17 млрд теңгені құрап отыр. Құрылыс барысында 10 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.
Әкімнің есебін тыңдаған облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аудандағы шешімін таппай жүрген мәселелер жайлы сұрақтарын қойды. Журналистер аудандағы туризм, жол мәселесін қозғады. Төртінші билік өкілдері назарынан айыртаулықтардың қысқа жем- шөп азығымен қамтылу барысы да тыс қалмады.
Кезекті аудан әкімінің есебі сейсенбі күні өткізілетін болады. Онда Ақжар ауданының басшысы журналистер сауалына жауап бермек.
Мағжан Ахмадина