Энергетика

Қоғамдық тыңдауда электр қуатының тарифтері қаралды

 

 

Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясының өңіріміздегі қызмет көрсету аумағы 44 952 шақырымды құрайды. Тұтынушылар саны 158 989. Ал электр желілерінің жалпы ұзындығы 13 567 километр шамасында. Ол облыс халқын жарықпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Мамандар жыл сайынғы қызмет ақысын көтеру жұмыс сапасын жақсартып, оны үнемі жаңғыртып отыру үшін қажет дейді.

 

Александр Рейзлин, “Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы” АҚ президенті:

-Биыл күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 145 миллион теңге жұмсалды. Ал инвестициялық жобаға 850 миллион теңге бағыттадық. Ол қондырғыларды модернизациялау арқылы шығынды азайтып, жұмыс сапасын арттыру үшін қажет болды. Қазіргі күні бұл соманың 74 пайызы, яғни 650 миллион теңгесін игердік. Жыл соңына дейін 100 пайыз тиісті жұмыстарға бағытталады.

 

Келер жылы бұл екі бағытқа компания 1 миллиард 50 миллион теңге жұмсалады деп жоспарлап отыр. Қоғамдық тыңдауда мамандар оның әр тиынына дейін есептеліп қойылғандығын тілге тиек етті. Ал электр қуатының тарифі үш жылға бекітілгенімен, оны жыл сайын саралаудағы мақсат – қызмет көрсету ақысынан түсетін қосымша қаржыны да жыртықты жамауға бағыттау. Бұл жолғы жиында осы жағы жан-жақты талқыланды.

Облысты электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған компанияның тарифі биыл қосымша құн салығын есептемегенде 1 киловатт үшін 3 теңге 30 тиын, келер жылы ол 3 теңге 40 тиын, ал 2015-те бұл көрсеткіш 3 теңге 70 тиын шамасында болмақ. Бұл тек жоспар. Бірақ мақсат компанияның қаржылық ахуалына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін дейді мамандар.

 

Самат Есмағи