Мәдениет

Петропавлда классикалық музыкадан концерт өтті

 

 

Мына туынды күллі әлемді өнерімен мойындатқан Шопеннің виолончель мен фортепианоға арналған сонатасы. Ұлы композитор өз туындыларын көбінесе фортепианолық музыкамен байланыстырған. Арасында рояль мен скрипка, виолончельмен қосылып жазылғандары бар. Қызылжарлық сахна төрінде Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова мен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі – Олег Сендецкийдің ойнағаны да сондай дара туындылардың бірі болды. Кейін өнер иелері солтүстікқазақстандықтарға Эдвард Григтің сонатасын ұсынды.

Жәния Әубәкірова тамаша талантымен талайды тамсандырып жүрген әйгілі пианиношы. Өнердің бұл түрін жалпақ жұртқа танытып, елімізге ғана емес, күллі Еуропа мәдениетіне жаңа үн қосты. Шәкіртсіз – ұстаз тұл. Бүгінде Жәния Яхияқызы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры. Концерттік бағдарлама аясында ұлағатты ұстаз шәкірттерін де сахна төріне шығарды. Екі сағатқа жалғасқан концерт көрермен көңілінен шықты.

 

– Концерт көңілімнен шықты. Әлемнің үздік композиторларының туындыларын тыңдадық. Жиі болса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Классикалық музыканы ұнатамыз. Құлағамызға жағымды. Біз Қазақстанда осындай дарын иесі бар екенін мақтан тұтамыз.

 

Мәдениетіміздің мақтанышына айналған Жәния Әубәкірова өз өнерін дүниежүзіне мойындата білді. Бүгінгі жеке концертінде де Жәния Әубәкірова көрермендерін әдеттегідей, саз әлемінің сиқырына бөледі.

 

Жәния Әубәкірова, ҚР Халық әртісі:

– Мен бағдарламаның қаншалықты қиын болғанын білемін. Дегенмен, Петропавлдық көрермен тапжылмастан, жақсы тыңдады. Ұлы композиторлар Шопен, Григтың туындылары көрермендер көңілінен шықты деген ойдамын. Студенттерімді де жақсы қарсы алып, өнерлеріне тәнті болды.

 

Фортепиано өнерінің Һас шебері Жәния Әубәкірованың концерті осыған дейін киелі Көкше жерінде өтсе, біздің өңірден кейін Қызылорда мен Шымкент қалаларында болмақ.

 

Мағжан Ахмадина