Энергетика

Энергия шығынын қысқарту шараларына 64 млрд теңге бөлінді

 

 

“Жасыл экономика” туралы сөз қозғамас бұрын энергия үнемдеудің бүгінгі мәселелерін шешіп алған дұрыс. Бұл жөнінде мемлекет басшысы 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде баса айтқан болатын. Елімізде жылу желілеріндегі шығын 22,1 пайызды құрайды. Еуроодақ мемлекеттерінде оның тек 10 пайызы ғана далаға кетеді екен. Ал тоқ көзін таратудағы ысырап тіпті әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары.

 

Антон Федяев, СҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы:

– Облыста халық шаруашылығын жаңғыртуға қатысты кешенді жоспар бекітілді. Үш жылда энергия үнемдеу шараларына 64 млрд. теңге бағытталады. Ол қаржының 20 млрд  ауыл шаруашылығына, тұрғын үй кешенін жетілдіруге 5 млрд. теңге жұмсау көзделуде. Бюджеттік сала мекемелеріне 300 млн., ал энергия өндіретін кәсіпорындарға 20 млрд теңгесі қарастырылмақ.

 

Қаржының дәл осылай жіктелуі бекер емес. Мәселен республика бойынша барлық энергияның үштен бірі не бары 30 өндіріс ошағының мұқтажына ғана жұмсалады екен. Оның бірі Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі.

 

Антон Федяев, СҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы:

-Оңтүстік Орал темір жолының біздегі бөлімшесі өткен 9 айда 4 мың тонна жанар-жағармай үнемдеді. Бұл кешенді бағдарламаның нәтижесі. Электр желілері, локомотивтердің тежегіштері мен өзге де энергия жұмсайтын бөлшектер заманауи үлгілеріне алмастырылды.

 

Ал энергетикалық кәсіпорындар қажеттіліктерін 6 мың тоннаға азайтқан. Бұған да әбден тозған қондырғыларды жаңартудың арқасында қол жетті. Мәселен жылу-электр орталығында турбоагрегаттар мен қазандықтар жаңғыртылды. Жылу желілерінде де тың өзгерістер орын алды. Сондай-ақ облыс орталығында Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы бағдаршамдарға тоқ көзін екі есе үнемдейтін жарық диоттық лампалар орнатылды. Ауыл шаруашылығы саласында жоғары өнімді 70 кешенді пайдаланудың нәтижесінде дизель отынының шығыны да қысқарған. Тұтынушылар арасында таза ауыз су мен қуат көзін тиімді пайдалануға ынталандыру шаралары жүргізілуде.

Антон Федяев, СҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы:

-Облыста тәуліктің әр кезеңіне сай сараланған тариф жүйесі қолданылады. Егер пайдаланылған коммуналдық игіліктер белгіленген тұтыну көлемінен асып кетсе, қызмет құны күшейтілген тарифпен өтеледі. Оған жетпесе, сәйкесінше жеңілдетілген көлемде біршама азырақ төлейтін болады.

 

Жалпы Елбасы жыл сайын энергия пайдалануды 10 пайызға кеміту талабын қойып отыр. Бұл 2015 жылға дейін межеленген жоспар.

 

Жеңіс Ермұқанов