Білім

Техникалық және кәсіптік білім беру саласы жаңғыртылуда

 

 

Бүгінде өңірімізде техникалық және кәсіби білім беретін ошақтар саны 30. Онда студенттер 75 мамандық және 107 бағыт бойынша дәріс алуда. Сондай мекемелердің бірі – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі. Олар қазіргі күні өнеркәсіп, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, көлік, ағаш өңдеу секілді 10 мамандық бойынша кадрлар даярлауда. Білімін жетілдіруге ниет еткендер аз емес. Солардың бірі Олжас Жоламанов.

Осы жылы білім ошағы студенттері тағы бір жаңа мамандықты игертуді қолға алған. Ол мұнаралы және көпірлі крандардың машинисі. Қазір кәсіптің бұл түрі бойынша алғашқы топ дәріс алып жатыр.

Қазіргі күні облысымызда кәсіптік білім алуға тек колледж студенттері ғана емес, сонымен қатар темір тордың ар жағында жазасын өтеп жүргендер де қол жеткізіп отыр.

 

Сергей Тихонюк,Петропавл кәсіптік колледжінің директоры:

-Колледж оқытушылары қазіргі күні темір тордың ар жағындағыларға дәріс береді. Ол даярлық курс түрінде өткізіледі. Курс тыңдаушыларына мамандықтары бойынша арнайы қағаздар табыстаймыз. Олар бостандыққа шығысымен өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алады.

 

Ағымдағы жылдың 11 қазанында үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласын жаңа белеске көтеру керектігін міндеттеген болатын. Соның бірі техникалық және кәсіби білім беруді жетілдіру. Түлектер заман талабына сай білім алып әрі еңбек нарығында сұранысқа ие болуы шарт.

 

Игорь Киселёв,СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Елбасы кәсіби және техникалық білім беруді дамытуды міндеттеген болатын. Қазіргі күні облыста техникалық және кәсіби білім беретін колледждер жұмыс істеп жатыр. Олардың материалдық- техникалық базасын нығайтуда республика және жергілікті бюджеттен бөлініп жатқан қаржы аз емес. Ал біздің міндетіміз -сұранысқа ие кадрлар даярлау. Ол өңірімізде жүзеге асырылып жатыр деп айтуға толық мүмкіндік бар.

 

Бір айтары ағымдағы жылы өңіріміздің үш бірдей техникалық және кәсіби білім беру кешендері Дүниежүзілік банктің грантын жеңіп алған. Жалпы сомасы 168 миллион теңгені құрайды. Ол қаржы білім ошақтарының материалдық базасын заманауи қондырғылармен толықтыруға мүмкіндік бермек.

 

Самат Есмағи